Жаңа Ата заң жобасында ғылымды дамытуға ерекше мән берілген — Премьер-министр орынбасары

АСТАНА. KAZINFORM — Шығармашылық еркіндік те мазмұндық тұрғыдан нақты айқындалады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті. 

Фото: видеодан алынған скрин

— Жаңа Ата заң жобасында мәдениет, шығармашылық, ғылым мен білімді дамытуға ерекше мән берілгенін атап өткім келеді. Жобада тарихи-мәдени мұраларды дамыту, төл мәдениетімізді ұлықтауға қатысты алғаш рет жаңа ұғым еніп отыр. Аталған жаңашылдық ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи сабақтастықты сақтауға және ұлттық код пен мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады. Мемлекет мәдени әралуандықты, ғылыми ізденісті және білімге негізделген дамуды стратегиялық басымдық ретінде айқындайды. Бұл нормалар ұлттық мәдениетті сақтау мен жаңғыртуға, озық ойлы ұлт қалыптастыруға, ғылым мен инновацияның дамуына берік құқықтық тірек болады деп есептеймін, — деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, шығармашылық еркіндік те мазмұндық тұрғыдан нақты айқындалады. Ол ғылыми ізденіске, көркем ойға және техникалық жаңашылдыққа бірдей қатысты.

— Бұл ретте техникалық шығармашылықта, оның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылған жағдайда, шешуші рөл әрдайым адам ақыл-ойына тиесілі болып қала береді, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасында Конституциялық комиссия отырысынан мәтін трансляциясы болады