Жаңа әуежайдың ашылуы Щучинск - Бурабай курорттық аймағында туризмді дамытуға серпін береді - А. Бектұров

None
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров Көкшетау қаласы әуежайының ашылуына қатысты. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазіргі күні әуежай кешенін қайта жаңғырту, атап айтқанда, жасанды ұшу-қону жолағын (ҰҚЖ) және аэровокзалды қайта салу нәтижесінде әуежай халықаралық стандарттардың барлық талаптарына жауап береді. Сондай-ақ, халықаралық ұшулар мен транзиттік жүк рейстеріне қызмет көрсетуге рұқсат алды.

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров атап өткендей: «Жаңа әуежайдың ашылуы Щучинск - Бурабай курорттық аймағында туризмді дамытуға серпін берумен қатар, жүктерді ауыстырып тиеудің ірі орталығына айналуы үшін де маңызды. Бүгінгі күні 2 бағытта авиарейстер жүзеге асырылады. Алдағы уақытта авиарейстердің санын арттыру мәселесі қарастырылмақ».

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Министрлік әзірлеп жатқан көліктік инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылға дейін еліміздегі 11 мемлекеттік әуежай халықаралық стандарттарға жауап беретін болады» - деп айтып өтті вице-министр.

Әуежайды модернизациялау нәтижесінде әуежайдың ұшу-қону жолағы 2850 метрге дейін ұзартылып, жарық беретін жаңа қондырғымен жабдықталды. Әуежай ұшу салмағы ИКАО-ның 1-санатына сәйкес келетін әуе кемелерінің барлық түрлерін қабылдау мүмкіндігіне ие болды. Өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құрайтын аэровокзал екі телескоптық басқышпен және өзге де заманауи қондырғылармен жабдықталған. Халықаралық стандарт талаптарына жауап береді.