Жаңа Азаматтық кодекс заман талабына сай болуы керек – депутат

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ жаңа Азаматтық кодексті қабылдау уақыт талабы екенін айтты.

Фото: Kazinform

– Қазір өмірімізге жаңа экономикалық және цифрлық құралдар еніп жатыр. Сондықтан азаматтардың құқықтарын қорғайтын тетіктер жаңаруы қажет. Бұл – Президент Жолдауында көтерілген маңызды мәселенің бірі, – деді спикер Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында.

Үнзила Шапақ Азаматтық кодекстің 1990 жылдардан бері қолданылып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты жаңа заңнама қазіргі жағдайды ескеріп, құқықтық қатынастарға қатысушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуі тиіс.

– Азаматтық кодекс жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Менің ойымша, екі бөлім де жаңадан әзірленеді. Кодексті келер жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр, – деді Үнзила Шапақ.

Сонымен қатар депутат мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне тоқталып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асуына баға беру қажеттігін айтты.

– Біз осы уақытқа дейін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып келеміз. Бірақ халықтың үні ескеріліп жүр ме? Азаматтар көтерген мәселелер мемлекеттік органдардың жұмысынан көрініс тауып жатыр ма? Осы сұрақтарға жауап беру керек. Себебі реформалардың нәтижесі мемлекеттік орган жұмысының тиімділігімен және азаматтардың қажеттіліктерінің қаншалықты ескерілетінімен бағалануы тиіс, – деді депутат.

Бұған дейін Жолдаудағы экономикалық басымдықтар елге қандай мүмкіндік беретінін жазған едік.