АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа бағдарлама аясында жалға берілетін пәтерлердің орташа құны 52 мың теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жиналысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
«Астана мен Алматыда жалға берілетін пәтерлердің орташа бағасы салықтарды қоспағанда 52 мың теңгені құрайды. Яғни, азаматтар 50 шаршы метрлік баспанаға ай сайын 52 мың теңге төлеп тұратын болады», - деді Қ.Бишімбаев.
Оның айтуынша, жаңа тұрғын бағдарламасы аясында пайдалануға берілетін пәтерлердің аумағы үш бөлмелік 80-85 шаршы метрден аспайтын болады. Ал екі бөлмелі пәтерлер 50-55, 1 бөлмелі пәтерлер шамамен 35-40 шаршы метрді құрайды.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.