Жаңа бағдарлама бойынша үй құрылыстары 2015 жылы басталады - Сенатор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н. Назарбаев «Нұрлы жол» Жолдауында айтып өткен тұрғын үй саласындағы жаңа бағдарлама бойынша берiлетiн пәтерлердiң құрылысы 2015 жылы басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Асхат Күзеков мәлiм еттi.

«Баспана мәселесiн шешу мақсатында Парламентте «Үлескерлiк құрылыс туралы» заң жобасы қаралуда. Онда баспана салу кезiнде үлескерлердiң салынған қаражаттың ретсiз жұмсалып кетуiне жол бермейтiн тетiктер қарастырылып жатыр. Жаңа жылдан бастап, тұрғын үйлердi сатудың жаңа тетiктерi енгiзiледi. 2015 жылдың 1 қаңтарынан барлық өңiрде жаңа бағдарлама бойынша үй құрылыстары басталады», - деп атап өттi сенатор.

Оның хабарлауынша, арендалық үйлердiң операторы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ болады. Ол бойынша қосымша 1 млн. шаршы метрден астам баспана үлестiрiледi.

Еске сала кетейiк, ҚР Президентi Н. Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауында пәтерлердi 1-2 пайыздық үстемемен беру жөнiнде ұсыныс айтылған болатын.