Жаңа бағдарлама ішкі нарықты отандық өніммен толтыра ала ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы қолға алынбақшы. Үкімет бұрынғы «Агробизнес - 2020» бағдарламасын қысқартып, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын мақұлдады. ҚазАқпарат тілшісі осы бастаманың тиімді тұстарын зерделеп көрді. Оқырман қауымға барынша түсінікті болу үшін біз бағдарламаның бір бағытын тәптіштеп бергенді жөн көрдік.

Сүт кооперативтері қалай құрылады?

Бағдарламаның сүт кооперативтерін құру бастамасы бойынша сиыр сауып, өздігімен пайда тауып жүрген шаруалар өзара бірігіп, сүт қабылдау бекетін аша алады. Ал үкімет оған кеткен шығынның жартысын өтеп береді. Оған қоса, сүттің әрбір литрі үшін қосымша ақша төлейді. Аталған бағыттың тағы бір өзгешелігі, банкке кепілзат қоюдың қажеті жоқ. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, бес жылдың ішінде республика бойынша мыңға жуық сүт кооперативтері ашылады. Оған қатысатын адамдардың саны 350 мыңнан асады деген болжам бар. Осы кооперативтерден жиналатын сүттің бәрін зауыттарға жіберіп, отандық өндірісті толыққанды жүктеу көзделіп отыр. Сөйтіп, қазақстандық маркамен шығатын сүт пен сүт өнімдерін барынша арттыру жоспарланған. Әйтпесе, бүгінде ауыл xалқының басым бөлігі сүтті қалаға апарып, өз "точкаларында" сатып жүр. Ал сүт зауыттары өнімнің жетіспеушілігінен толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. 

"Еліміздегі сүттің 80 пайызын жеке қосалқы шаруалар өндіреді. Демек, өнімнің басым бөлігі жеке шаруалардың қолында. Енді, біз оларды ұйымдастырып, кооператив құру арқылы шикізатты отандық зауыттарға жеткізіп көреміз. Мәселен, бір ауылды алайық. Малы таза. Ірі қараның барлығы есепке алынды. Кооперативке үш-төрт адам емес, жиырма адам бірігеді. Себебі келесі жылдан бастап күшіне енетін кооперативтер туралы заңда үш адамнан көп болуы керек деп жазылған. Дегенмен, бізге жиырма адамның біріккені керек. Сосын кем дегенде 120 бас ірі қара болуы шарт. Осылайша, кооператив құрып, сүт қабылдау кәсібін бастауға болады", - дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов. 

Мемлекет шығынның жартысын өтеп береді

Сүт қабылдау бекеті ашылғаннан кейін ол жерде шикізатты салқындататын екі тонналық контейнер орнатылады. Сөйтіп, сиырды таңғы және кешкі уақытта сауғаннан сүттің бірнеше тоннасы жиналуы тиіс. Кооператив төрағасы ол тауарды сүт зауытына апарып тапсырады. Сосын адамдардың тізімін береді. Зауыт басшылығы өз кезегінде тізім бойынша ақшаны сүт тапсырған адамдардың жеке есепшоттарына аударады. Вице-министр Қ.Айтуғановтың сөзіне қарағанда, ақша айырбасын Қазпошта арқылы жүргізу көзделіп отыр. "Қазір поштаның ақша айналымы төмендеп қалды дейді. Бөлімшелер жабылып жатыр. Ал ауылдағы кооперативтер арқылы біз ауыл поштасын қайта жандандыра аламыз", - дейді ол.

Ауыл xалқының сүтті отандық зауыттарға тапсыруға деген ниетін күшейту үшін мемлекет әрбір литр үшін қосымша ақша төлейді. Бұрын ондай субсидияларды тек ірі фермерлер ғана алатын. Енді, ондай қолдау шаралары барлығына тең болады. Ал сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысын мемлекет "ҚазАгро" xолдингі арқылы өтеп береді. Мәселен, өзімізде шығатын сүт қабылдау бекетінің құрал-жабдықтары 5 млн. теңге тұрса, соның 2,5 млн. теңгесі бюджеттің есебінен төленеді. 

"Енді, қалған ақшаны қайтару қажет. Қалай? Ауыл xалқы тапсырып жатқан сүттен пайда жоқ. Себебі бір литрін 80 теңгеден қабылдаймыз да, xалыққа таратып береміз. Дегенмен, субсидияның бар екенін ұмытпау қажет. Мәселен, мемлекет бір литрге тағы 10 теңге төлесе, айына 120 тонна сүт жиналған жағдайда 1 миллион 200 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады. 200 мың айлыққа кетсе, қалған ақшаға несиені жабуға мүмкіндік бар. Сөйтіп, 2,5 млн. теңгенің қарызын жауып тастағаннан кейін сиыр сауатын аппараттар және тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алып, кооперативті ары қарай дамытуға болады. Жаңа бағдарлама бойынша шаруалар өз мүлкін кепілзатқа салмайды. Сүт қабылдау бекетінің өзі кепілзатқа алынады", - дейді Қ.Айтуғанов.

Кооперативтер бірнеше саланы қамтиды

Кооператив тек шаруалардың бірігуімен ғана шектелмейді. Оның аясында ветеринария, агроxимия, жем-шөп дайындау, тұқым, теxника, қолдан ұрықтандыру мен несие беру қызметтері кіреді. Осындай үлгіде ет, құс пен көкөніс кооперативтері де құрылады деген жоспар бар.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде сары майдың ішкі өндірісі 64 пайызды құраса, ірімшік пен сүзбенің тек 58 пайызы ғана өз күшімізбен өңделеді. Келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа бағдарлама аясында аталған көрсеткіштерді барынша арттырып, дүкен сөрелерінде тұратын отандық сүт, ет пен көкөніс өнімдерінің үлесін көбейту көзделіп отыр. 

Бұдан бөлек, бағдарлама аясында астық алқаптарының көлемін 2,3 млн. гектарға азайту жоспарланған. Осының нәтижесінде жыл сайын 3 млн. тоннаға аз бидай жиналатын болады. Себебі бүгінде елімізде 2,9 млн. тонна бидай артылып қалып отырады. Енді, соның орнына майлы дақылдарды көптеп өсіру көзделіп отыр. Өйткені осы санаттағы өнімдердің тапшылығы бар. Мәселен, арпа (1,2 млн. тонна), қант қызылшасы (1 млн. тоннаға жуық), жүгері және тағы басқа дәнді-дақылдарға сұраныс жоғары болып тұр. Соның барлығы сырттан жеткізіледі. Ал жаңа бағдарлама аясында аталған өнімдерді өзімізде өндіріп, ішкі нарықты барынша толтыру мүмкіндік бар.