Жаңа Бас мүфти алғашқы жұма намазын өткізді

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров хазірет Алматы қаласы Орталық мешітінде жамағатпен жүздесіп, мінберде уағыз айтты.

ҚМДБ мәліметтеріне қарағанда, Ержан қажы Малғажыұлы Ислам дініндегі үйлену, үй болу әдептерін сөз етті. Дінбасы шаңырақтың шайқалуы мен ажырасулардың белең алуына иманның әлсіреуі тікелей әсер ететінін қаперге салды.

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі жамағатқа жаңа мүфти - Ержан қажы Малғажыұлын таныстырып, жұмысына игіліктер мен береке тілеп, батасын берді.

Ержан қажы Маямеров Әбсаттар қажы Дербісәлінің діни басқармада атқарған 13 жылдық игі де ізгі істеріне алғысын білдіре келе, қалыптасқан қазақы дәстүрге сай, иығына шапан жауып, автокөлік кілтін табыстады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 ақпанда елордада өткен Қазақстан мұсылмандары VII құрылтайында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы болып Ержан Маямеров сайланды.