Жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіптің жасыл энергия көзіне көшуіне ықпал етеді - Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінде елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақытта өнеркәсіп пен экономикаға түбегейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс өнеркәсіп корпорацияларының жаңартылатын энергия көздеріне көшуіне оң ықпал етеді.

– Компанияның экологиялық жаңғыруға құятын инвестициясының толық құны бюджетке төленетін экологиялық төлемнен шегеріледі. Мәселенің нормативтік-құқықтық реттеу жағына келер болсақ, биыл барлық негізгі өнеркәсіп салалары үшін Ең үздік қолжетімді техникалардың (BAT) салалық стандарттар анықтамалығын әзірлеу ісі аяқталады. Келесі сатыда ластанған табиғаттың 80 пайызына жауапты 50 ірі корпорация осы стандарттарға өтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия ұлттық деңгейде анықталған климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды.

– Парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу және квоталарды саудалаудың ұлттық жүйесі ауаға тарайтын шығарындыларды азайтуды және энергия үнемдеу технологиясын дамытуды ынталандыратын механизм ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Біздің ортақ мақсатымыз – Парниктік газдар шығарындыларын саудалаудың ұлттық және еуропалық жүйесіндегі алшақтығын жою. Бұл шаралардың барлығы Париж конвенциясындағы міндеттемелерді 2030 жылға қарай толық орындауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.