«Біздің шығыстағы көршіміз ең бірінші болып «жаңа норма» деген ұғым енгізді. Кейін бұны көптеген елдер іліп әкетті. Яғни, қазір бүкіл әлемдік экономика «жаңа нормамен» өмір сүріп жатыр. Соңғы он бес жылда біз дағдыланып қалған ресурстарға бағаның жоғары дәуірі аяқталды. Қазақстан да ондай кезеңде біраз шалқып өмір сүрді. Ендеше, бұл қазіргі өзгерістер Үкіметтің жұмысынан да жаңа қадамдарды талап етеді», - деді Кәрім Мәсімов. «Бізден жаңа экономикалық саясат талап етіледі. Біз оны әлемдегі өзгерістер жағдайына орай қалыптастыратын боламыз», - деді Премьер Министр.
11:39, 17 Маусым 2015
Жаңа экономикалық саясат әлемдік өзгерістерге негізделіп отырады - Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа экономикалық саясат әлемдік өзгерістерге негізделіп отырады. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлімдеді.