Жаңа ереже бойынша 70 мың қазақстандық жалға берілген баспананы жекешелендіре алады

Фото: Ұлттық статистика бюросы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір халықтың әлеуметтік тұрғыда осал санатындағы 600 мыңға жуық адам баспана алу есебінде тұр. Бұл туралы ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлім етті. 

— 2025 жылы жаңа заңнамалық түзетулер аясында тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тіркеу және жалға берілетін тұрғын үйді бөлу функциясы әкімдіктерден ұлттық даму институтына айналған «Отбасы банкі» АҚ-ға берілді. Қазіргі уақытта 951 000 адам есепте тұр, оның ішінде шамамен 600 мыңы халықтың әлеуметтік тұрғыда осал тобында, — деді Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол заңға енгізілген түзетулер аясында бұрын «сатып алу құқығынсыз» жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығы қарастырылғанын еске салды.

— Бұл құқықты мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алған шамамен 70 000 адам пайдалана алады. 2025 жылы 15 мыңнан астам азамат жекешелендіру құқығын пайдаланды, олардың шамамен 9 мыңы тұрғын үйді тегін алды, — деді комитет басшысы.

Мұнымен қоса ол мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы ретінде тұрғын үйді жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялау мен тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылғанын айтты. 11 мыңнан астам адам осы субсидияларды пайдаланды, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй алудың тәртібі өзгерді.