Жаңа ереже: киік мүйізін сату процесі қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Жасыл даму» АҚ киік мүйіздерін өткізуді ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— 2025 жылғы желтоқсанда Самарқандта өткен Жойылып кету қаупі төнген аң мен өсімдіктердің халықаралық саудасы туралы конвенциясы (CITES) Тараптар конференциясының (COP20) 20-шы отырысында қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстанға киік мүйізінің халықаралық саудасына жалпы көлемі 30 тонна көлемінде рұқсат берілді. Осыған байланысты 30 тонна киік мүйізін өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ киік мүйіздерін өткізуді ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстарды іске асырып жатыр. Осы датадағы жағдай бойынша киік мүйіздерін өткізу жүзеге асырылмады, — делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Қазақстан киік мүйізін экспорттайтыны мәлім болды. 

Ал биыл наурыз айында Экология және табиғи ресурстар министрі одан түскен қаражат қай мақсатта жұмсалатынын айтты. Ақша биоалуантүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, шаруашылықтарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жұмсалады.

Самарқандта өткен Конвенция (CITES) отырысының шешіміне сәйкес, жылына 10 тоннаға дейін өткізуге болады.

Осы жылы тамыз айында Алматыда 1,2 млрд теңгеге бағаланған киік мүйізі сатылымға шығарылғанын жазған едік. 

Сатушы тарап — «Жасыл даму» АҚ, ал баланс ұстаушы — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК.

Айта кетейік, киік мүйізі 4 тамыздан бастап жаңа ережелер бойынша сатылады.