Жаңа ережеге жүргізушілер алаңдаулы - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 қаңтар, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Пошта қызметі қайтсе жақсарады?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр.

«Қазпошта» АҚ қалыптасу, реформалау жолдарынан сәтті өтіп, бүгінгі күні еліміздің тұрғын­дарына пошталық-қаржылық қызметтің кең түрін көрсететін және қуатты филиалдық желілерді бірік­тіретін ұлттық операторға айналып отыр. Компания Елба­сы қойған талаптарға сәйкес поштаның көпқырлы қызметін одан әрі жетілдіре түсіп, қаржы­лық институтқа айналдыру үрді­сін жеделдетуді негізгі бағдар еткен. Осыған орай «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ пен «Қазпошта» АҚ бас­қар­масы Мемлекет басшысы іске қосқан «Трансформация» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене кірісті. Бұл үрдіс корпо­ра­тивті басқарудың жаңа деңгейін қалыптастыруды, бәсекеге қабілетті және әлемнің үздік тәжірибесін қолдану арқылы жұмыстың қағидаларын қайта қарау есебінен қаржылық және операциялық тиімділікті көтеруді діттейді. Осы талаптар үдесінен шығуды басты мұрат еткен «Қазпошта» АҚ СҚОФ қызмет көрсетудің осы заманғы әдістері мен стандарттарын игеру жолын талмай іздестіріп келеді. Сан-салалы жұмыста ауылдық аумақтарды, шағын және орта бизнестің, зейнеткерлік, төлем картішкелерінің ұлттық банк­аралық жүйелері, интернетке бағдарланған қызметтер бір-бірі­мен тығыз бірлікте үйлестірілген. Оның үстіне АҚ елді мекендерде еңбекақы мен зейнетақы төлеу, төлемдерді қабылдау, пластикалық карталарды шыға­ру және тағы басқа банктік қызметтердің түрлерін іске асыратын бірден-бір ұйым екенін ескерсек, жергілікті бөлімшелерге артылар жауапкершіліктің еселене түсері анық", - делiнген мақалада. ***

Жаңа жылда ел Парламенті қазақ тілінде жазылған заң қабылдайтын болды, деп хабарлайды "Айқын" басылымы.

Газеттiң жазуынша, кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша» ұлттық заңнаманы түзететін және оған ілеспе, екі жаңа заң жобаларын қарады. Бұл құжаттарды қалаулылар былтыр бірінші оқылымда ендігі мақұлдаған, қазір екінші оқылымға дайындалуда.

"Қос заң жобасына Мәжіліс депутат­тары, атап айтқанда, біздің комитеттің мүшелері бастамашы болған, - деді Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова. - Екі жобаның түпнұс­қасы да ең алдымен мемлекеттік тілде жа­зылды. Сондықтан болса керек, оның маз­мұнын жетілдіруге тек авторлар ғана емес, бүкіл депутаттық корпус өз үлесін қосты". "Былапыт сөзге тыйым салынбақ" атты осы мақалада кәмелетке толмаған­дар­ды тек «эротикалық мазмұндағы» ғана емес, сондай-ақ «зорлық-зомбылық, қатігездік көрсетілетін, баланың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін, қоғамға жат және құқыққа қайшы іс-әрекетке аранда­та­тын, отбасы институтының беделін түсіре­тін, нормативтік емес лексика қамтылған, қорқыныш туғызатын ақпараттық және басқа өнімдерді әзірлеуге, таратуға, жарна­малауға және сатуға тартуға» бұдан былай жол берілмейді. Кім де кім бұған қайшы әрекет жасаса, оның бар өнімі тәркіленеді және «айлық есептік көрсеткіштің 100-ден 200-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салы­нады».

Айтпақшы, осы заңмен көрші Ресей­де­гідей, Қазақстанда да телеарналардан бы­лапыт (нецензурный) сөз айтуға, боқтауға тиым салынады! Соған жол беріп қойған ақпарат құралдарына төрт жүз мың теңгеге дейін айыппұл белгіленуі мүмкін.

"Айқын" басылымында автокреслолардың жыры жазылған "Жаңа ереже жақсы болмай тұр" атты мақала жарияланды.

"Қазір қай қалаға барсаңыз да автокресло іздеп сабылып жүрген адамдарды кездестіресіз. Әрине, бәрінің іздеп жүргені - құны арзан оңтайлы автокресло", - деп жазады басылым.

"Алдымен, көлігі де, жүргізушісі де өте көп алып Алматының Байтұрсынов және Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы балаларға арналған автокөлік орындығын сататын дүкенге тоқтадық. Адам ығы-жығы, біреулері балаларын автокреслоға отырғызып көріп жатса, енді бірі көңілінен шыққан шағын автоорындықтардың бағасын сұрап бәйек. Ал енді біреулер автоорындықтардың айырмасы қандай екенін сұрап бас қатыруда. Бәз біреулер ешнәрсені елең қылмастан қалаған авто­креслосын «өңгеріп» кетіп жатыр. Осындай қарбаласты жіті «бағып» тұрған біз орта бой­лы, жасы шамамен жиырма бес - отыз­дардағы бидай өңді келіншекті әңгімеге тарттық. Алдымен, біз: - Қанша балаңыз бар және жас шамалары нешеде? - деп сұрадық. Күлімдеген әңгімешіл келіншек салған жерден: - Менің екі балам бар. Былтыр «Лексус-350» маркалы көлікті бір танысым сыйға тартқан еді. Қаңтардың жетісінен бастап балаларды автокресломен көлікке отырғызу керек дегені қиындау болып тұр. Себебі, танысыма қолқа салсам, ұят-ау деймін. Онсыз да бүкіл «шығыным» сол кісінің мойнында, - деп сырын айтам деп, шынын айтып салды. «Сонда сізге қай автоорындық ұнап тұр?» деп сұрап үлгер­генімізше болған жоқ, келіншектің ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Бәрі анық естіліп тұр. Ар жақтан шыққан еркек дауы­сы «Қалағаныңды ал, еш қиналма. Өзіңе ұнаса болды, о,кей!» дегені сол екен әлгі келіншек дереу бірі қызыл, бірі көк түсті екі автоорындықты алатынын сатушыға айтты. Сөйтіп, түсі қызыл былғары әмиянынан 180 мың теңгені әпсәтте сатушыға санап беріп, кете барды... Ал бір жігіт ағасы қаз-қатар қойылған автокреслоларға қызыға қарап ұзақ жүрді. Сөйтіп, таныса келсек, Ермек есімді әлгі жігіт Алматының іргесіндегі «Дар­хан» ықшамауданының тұрғыны екен. Айтуынша, үш баласы бар. Үлкені небәрі жеті жаста. «Қиналып тұрмын, бағасы удай.... Ең арзаны 31 мың 500 теңге екен. Қал­там көтермейді. Амал жоқ, авто­барахолкадан қытайдың арзан немесе бұрын қолданған ескі креслосын іздеуім керек. Кешіріңіз, - деп сыртқа беттеді. Реті келген сәтте дүкен сатушысынан ең арзан автоорындықтың төменгі бағасы қанша, керісінше, қымбаты қанша тұратынын сұрадым. Өзін «Павел» деп қынжыла таныс­тырған сатушының айтуынша, бұдан бір-ер күн бұрын арқалығы жоқ автокреслолар 7 мың теңгеден 11 мың теңге аралығында сатылыпты. Балаларға арналған мұндай автокөлік орындықтары әп-сәтте сатылып кетіпті. Ал қазір саудаға шығарылғанда­рының бағасы 28, 30, 35 мың теңге, сондай-ақ, жасалуы мен фирмасына байланысты 90 мыңнан 120 мыңға дейінгі автокреслолар да бар екен", - делiнген мақалада.

***

Ақтөбе облысының тұрғыны Айбарша Қазбаева 11 жылдық еңбек құлдығынан босап шыға алды, деп жазады "Экспресс К" басылымы. Бейбақ әйелдi құлдықтан босатып алуға жергiлiктi газетте жарияланған қызының хаты себепшi болыпты.

"Айбарша Қазбаеваны туған-туыстары 2003 жылы жоғалтқан. Оның алдында екi жыл бұрын Шалқар ауданының Бозой ауылынан Ақтөбеге нәпақа табу үшiн жұмыс iздеп кеткен ол көзден ғайып болған. Үйде күйеуi мен 10 жастағы қызы қалды. Туған-туыстары iздеп салдары суға кеткенде, ол Әйтекеби ауданында жайлаулардың бiрiнде құлдықта болыпты. - 2003 жылы маған Қарабұтақтан алыс емес жерде орналасқан жеке шаруашылықтың бiрiнде жұмыс ұсынды, онда маған мал бағу керек болатын, - дейдi Айбарша. - Жазда 3 мың теңге, қыста 5 теңге төлеуге уағдаластық".