Жаңа индустрияландыру: Оралда аквамәдени кешен іске қосылмақ
Аталмыш университет бекіре тұқымдас балықтар өсірумен 2006 жылдан айналысып келеді. Тәжірибелік зертханада технология жетілдіріліп, оқу-өндірістік кешені салынды. 2013 жылдың орта тұсында «Аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіптік өндіріс оқу-ғылыми кешені» ЖШС құрылып, өткен жылдың аяғынан бастап ірі аквамәдени зауыты құрылысы басталды.
Индустрияландыру картасына енгізілген кәсіпорынның жалпы алаңы 13 мың шаршы метрден аспақ. 52 тікбұрышты бассейннің әрқайсысы жалпы салмағы үш тоннаға дейін балық өсіруге есептелген. Жаңа зауытта жылына 10 тонна азық-түліктік қара уылдырық, 131 тоннаға дейін тауарлы бекіре етін өндіру көзделуде.
Аквамәдени кешен бас директорының міндетін атқарушы Алмаз Самархановтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде зауыттың корпусы тұрғызылып, инженерлік желілер тартылып, бассейндер іргетасы құйылуда. Зауытқа су дербес ұңғымадан беріледі. Жобалық қуаты бойынша зауыт бассейндерінде 7 мың текше метр су болса, тәулігіне 350 текше метр қосылып, жаңартылып тұрады. Еуропалық жабдықтарды монтаждау, сосын реттеу-іске қосу жұмыстары басталады. Осы салада тәжірибесі көп ресейлік компания технологиялық әріптес болып табылады. Елімізде балықты көбейте алатындай уылдырықтың қажетті мөлшері болмағандықтан, германиялық бекіре зауытымен келісімшарт жасалды. Үш келі ұрықтандырылған уылдырық солардан жеткізілсе, қалған мөлшерін осындағы балықтан алу көзделуде.
Өткен жылғы қарашада Қазақстан мен Ресей басшылары Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас балықтарды қалпына келтіру жөнінде уағдаласқан болатын. Соған сәйкес Жайыққа 30 млн. дана ұсақ бекіре балығы жіберілуі тиіс. Мұны Қазақстан жағынан Жайық-Атырау зауыты орындайды. Алайда ол жылына 3-3,5 млн. дана жас балық жібере алады. Сондықтан алдағы жылы бұл жобаға қатысу бағытында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссөз жүргізілмекші.
Алдағы уақытта зауыт өнімінің 30 пайызын ішкі нарықта қалдырып, қалғанын шет елдерге шығару жоспарлануда. Бұл ретте Қытай, Ресей және АҚШ кәсіпорындары негізгі бәсекелес болып табылады. Дегенмен Каспий аймағында өндірілген қара уылдырық әлемде жоғары бағаланады. Қазіргі кезде сауда маркасы жасалып, сапа сертификаты мен акциздік маркалар алынды. Сондай-ақ Еуроодақ елдеріне шығару үшін еуростандартқа қол жеткізу ойластырылуда. Болашақта әр балықтың өз құжаты болады.
Айта кетейік, зауытты биылғы жыл соңында, алдағы жылдың басында іске қосу көзделуде. Алғашқы кезеңде елуден астам адам жұмысқа орналаспақшы.