Жаңа iPhone 7 смартфоны бетіндегі басты батырмасы жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде әлі көпшілік назарына ұсынылмаған iPhone 7 смартфонының жасырын түсірілген суреті шықты.

Фотоны қытайдағы әлеуметтік желілердің бірінің пайдаланушысы жария етті.

Суретте аппараттың артқы панелі айтарлықтай өзгермегені көрінеді. Онда бұрын хабарланған қос фото түсіру модулі орналасқан. Ал iPhone 7 смартфонының беткі жағында «кері қайту» батырмасы жоқ болып шықты.

Суретке қоса берілген жазбада «кері қайту» батырмасы қорғаныс әйнегінің астында қалғаны жазылған. Сол жерде саусақ ізін танитын Touch ID сенсоры да бар, деп жазды AppleInsider.

Жұрт жаңа смартфонда құлаққапқа қосуға арналған 3,5-мм жалғағышы қалдырылды ма деп алаңдауда. Бірақ ол мына суретте көрінбейді.

21 наурызда Apple жаңа өнімдерін таныстырады, алайда оның ішінде iPhone 7 бола ма, ол жағы белгісіз. Әдетте компания жаңа флагманын күзде шығарады.