Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Онда жазылғандай, өңір бойынша ашық және жабық ғимараттарда салтанатты шаралар мен спорттық сайыстарды өткізуге тыйым салынған.
«Караоке-барлар, бильярд залдары, түнгі клубтар жабылады. Сондай-ақ мәдениет объектілерінің, театрлар мен кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды. Балалар ойын-сауық орталықтары мен сауықтыру лагерьлері де жұмыс істемейді. Бұдан бөлек, жиналыстарды бетпе-бет өткізуге рұқсат берілмейді», - делінген құжатта.
Облысаралық, облысішілік, қалааралық және ауданаралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады (Павлодар-Ақсу, Павлодар-Кемеңгер, Павлодар-Заңғар бағыттарын қоспағанда).
«Кезекші топтарды санамағанда мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне тыйым салынған. Демалыс күндері азық-түлік жәрмеңкесін өткізуге болмайды. Күшейтілген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ашық ауадағы аттракциондардың жұмысына рұқсат берілген», - делінген қаулыда.
Сонымен қатар 300 адамға дейінгі контингенті бар қалалық және ауылдық мектептерде сыныптағы балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта оқыту жалғаса бермек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Павлодар облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл аймақта» тұр.