Жаңа қаулы: ШҚО-да мүгедектерге арналған оңалту орталықтарында карантин енгізілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мүгедектерге арналған оңалту орталықтарында карантин енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Онда стационарлық сипаттағы қызмет көрсететін емдеу мекемелері мен медициналық-әлеуметтік объектілерде (орталық қызметкерлері 14 күн тұратын стационарлық үлгідегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, оның ішінде балалар орталықтарында) және мүгедектерге арналған оңалту орталықтарында карантин енгізіліп, санитарлық-дезинфекциялық режимнің күшейтілгені жазылған.

«Сонымен қатар балаларға арналған арнайы және мамандандырылған ұйымдарда, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттарда, жалпы үлгідегі және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, сәбилер мен балалар үйлерінде, жартылай стационарлық үлгідегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін балалар орталықтарында, тұрғылықты жері жоқ адамдарды қайта әлеуметтендіру және бейімдеу орталықтарында санитариялық-дезинфекциялық режим күшейтілді. Берілгеніне 3 күн аспаған, теріс нәтижесі бар ПТР сынаманы ұсынған азаматтарға асырап алу, қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу мақсатында жетім балалармен кездесу үшін сәбилер және балалар үйлеріне баруына рұқсат етіледі» делінген құжатта.