Жаңа Қазақстан барлық қырынан «Таза Қазақстан» болуы керек
«Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіретінін, Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алатынын атап өтті. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады.
«Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын», - деді Президент.
Мемлекет басшысы өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.
«Енді білек сыбана жұмыс жасауымыз керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партия атына заты сай болуы тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру - бәрімізге ортақ міндет. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін. «Береке басы - бірлік« екенін әрдайым есте сақтайық! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деді Мемлекет басшысы партияның кезектен тыс съезінде.
Жаңа бағыт, жаңа жол таңдалды
Сенатор Нұртөре Жүсіп партияның атауы өзгергенін, енді оның құрылымы да, сапалық өлшемі де өзгеруі тиіс екенін баса айтады.
«Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын», - деген Тоқаевтың сөзінен басталған реформалардың барлығы жүйел түрде жалғасатынын аңғаруға болады. Жөн сөзге тоқтаған жұртпыз. Ұлағатты тәрбие көрген ұлтпыз. Бір нәрсені анық ұғынған абзал. Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақстанды ешкім құрып бермейді. Бәрін өзіміз істеуіміз қажет. Осыны қаперде ұстайықшы», - деді Н. Жүсіп.
Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында айтылған экономикалық және саяси реформаларды одан әрі жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
«Осылайша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы жасалды. Одан кейін жаңа Қазақстан жолы таңдалды. Бұл не? Қандай бағыт? Бұл жайлы соңғы жылдары экономикада саяси реформа тұрғысында жасалған алғашқы қадамдарды айтсақ та жеткілікті. Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті, саяси партиялардың рөлін көтеруге бағытталған заңнамалық қадамдар да жасалды. Енді аудан әкімдері сайланатын болады. Көлеңкелі экономикамен күрес, коррупцияны құрықтау, әділ қоғам құру мақсаты да қойылды. Міне, осы жолда Мемлекет басшысы жаңа бағыт, жаңа жол таңдады. Алдағы уақытта жария етілетін Жаңа Қазақстанның жаңа жолын халық асыға күтеді», - деді ол.
Сондай-ақ сенатор билік партиясының кезектен тыс съезінде ұйым атауын «Аманат» деп өзгертуге қатысты ойымен бөлісті. «Енді партияның аты «Аманат» деп өзгертілді. Бұл сөздің астары мен мазмұны терең. Аманат - халық сенімі, қоғам тірегі, жауапкершілік пен әділеттілік кепілі. Енді партияның аты ғана өзгеріп қоймай, оның жұмыс істеу тәсілдері де жаңғырады. Партия мен халықтың бірлігі артады. Ол қоғамдық өзгерістердің, болашақта жүргізілетін барлық жүйелік өзгерістердің басында тұратын жаңа партия болмақ», -деді Б. Жұмағаұлов.
Сонымен қатар, «Amanat» партиясының Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, депутат Аманжол Жазықбаевтың пайымынша, Президенттің қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін жауапкершілік пен талапқа сай кадрлар қажет.
«Партия Төрағасының қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін жауапкершілік пен талапқа сай кадрлар қажет. Осылайша, ұйым жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмысына кіріседі. Ресми деректерге сүйенсек, «Nur Otan» партиясының негізін құрайтын 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымы (БПҰ) бар. Партия мүшелерінің біліктілігін арттыру, БПҰ жетекшілерінің рейтингін енгізу және партия жарнасының 20 пайызын қайтару арқылы БПҰ-ны нығайту жоспарлануда. Партия жанындағы Саяси менеджмент мектебі 3 мыңнан астам партия мүшесін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтары бойынша оқытатын болады. Жарнаның 20 пайызын қайтару туралы айтқанда, бұл қаржының партиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын ерекше атап өткен жөн. Белгілі болғандай, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. БПҰ-ның жұмысы кеңейіп, тиімді құралдары арқылы жүзеге асырылад»,- деді А. Жазықбаев.
Мұнымен қоса, актер, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды Nur Otan партиясының AMANAT болып өзгеруі мен партияға жүктелген міндеттер туралы пікір білдірді.
Оның пікірінше Жаңа Қазақстанды құру - Қазақстан халқының ортақ міндет. Қаңтар айының басында Қазақстан тап болған оқиғалар еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндірген күрделі кезең болды.
«Осы уақытта Президенттің тиімді шешімдер қабылдап, жағдайды тұрақтандыра алғанының куәсі болдық. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құратынымызды айтты. Оның бағыт- бағдарын көрсетті. Айтылған ой айқын, тапсырмалар нақты болғандықтан, олардың абыроймен орындалатынына сенімдіміз. Жалпы, бұл шаруаны іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті деп есептеймін»,- дейді Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры.
Атап айтқанда, ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Қазақстан халқына биылғы наурыздағы Жолдауында Президент жаңа қоғам құрудың жан-жақты шешімін ұсынатынын жеткізді.
«Жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың негізі ретінде мықты заңнамалық база қалыптастыру қажет. Біз, Парламент депутаттары, тиісінше, осы міндетті жедел іске асыру үшін сапалы заңдар қабылдау жөніндегі өз қызметімізге одан әрі қарқын беруге тиіспіз. Мемлекет басшысы өзінің жаңғырту жөніндегі күн тәртібінің маңызды бағыты ретінде дарынды, білікті адамдарға, өз халқы мен елінің шынайы патриоттарына жол ашуы тиіс қағидатты жаңа кадр саясатын айқындады. Мен мемлекет басқаруға қоғамның неғұрлым ауқымды топтарын заңнамалық деңгейде тарту жөнінде атап өттім. Келесі кезекте жергілікті өзін-өзі басқару институтын кезең-кезеңімен нығайту процесі тұр», - деді А. Шәкіров.
Ал Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, елімізде күрделі саяси, экономикалық өзгерістер басталды.
«Жаңа Қазақстанды, бұйырса, құрамыз, Бізде әділетті қоғам болады. Бірақ соның бәрін ретпен келтіруіміз керек, Эволюциялық жолмен, ақылмен істеу қажет. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, неше түрлі пікірлер бар. Қазір қырық пышақ болып жатырмыз. Блогерлер сондай ортада пікір қалыптастырып жатыр. Әлемде неше түрлі қорлардан ақша алатын блогерлер бар», - деген Сенат депутаты Жаңа Қазақстан экономиканы олгархиялық жүйенің ықпалынан азат еткенде ғана құрылатынын атады.
«Олигархтардың экономикасын құртамыз, әділетті Қазақстан қалыптастырамыз деп жатырмыз. Сараптамалық мәлімет бойынша, біздің экономикамыздың 55 проценті 162 отбасыға тиесілі екен. Президент осындай олигаполияға жол берілмейтінін, орта және шағын бизнесті дамытуға басымдық берілетінін айтты. Әрине, ашығын айтсақ, ондай ұстаным әлгі байларға ұнамайды. Жинаған байлығын оңайлықпен бере салғысы келмейді. Солардың қолшоқпарлары пайда болды. Оны да жастар білуі керек. Олар қазір үгіттеп, арамызға іріткі салып, өтірік әңгімелермен ресми билікке, реформаларға қарсы шығып жатыр. Осы дүниенің бәрін ойланып жүру керек», - деді сенатор.