Жаңа Қазақстан: сандар мен реформалар

Фото: Фото: Kazinform

Қазақстан түбегейлі өзгерістер мен терең реформалар жолына түсті: Парламент құзыреті кеңейді, азаматтар әкімдерді сайлай алатын болды. Еліміздің қоғамдық-саяси және басқа да салаларында тағы қандай өзгерістер болып жатыр - Kazinform тілшісі талдап көрді.

Саяси жүйе

Саяси жаңғыру Қазақстанның сайлау туралы заңнамасын өзгертуден басталды. Мәжіліске өту үшін партияларға қойылатын сайлау шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілді. Бұл реформалар партиялар арасындағы бәсекелестікті қыздырып, алғаш рет Мәжіліске алты бірдей партияның өтуі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болды. Қазір партиялар тіркеуден өту үшін бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың мүшесі болса жеткілікті. Соның арқасында саяси аренада жаңа партиялардың тынысы ашыла бастады.

Сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсымын» деген жол пайда болды.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі де айтарлықтай өзгеріске бет алды. 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдері тікелей сайлау арқылы іріктелді. Ал 2023 жылы 5 қарашада алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтті. Нәтижесінде 42 аудан мен 3 қала әкімі тікелей халық сайлауымен анықталды. Сайлауға халықтың қатысу көрсеткіші – 62,8%. Аталған қадам жергілікті мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың өз өңірлеріндегі басқару үдерісіне белсенді араласуына септесті.

Инфографика: Kazinform

Конституцияға өзгеріс енгізуге бағытталған жалпыұлттық референдум. 2022 жылы енгізілген Конституциялық өзгерістердің жаңалығы аз болған жоқ. Жоғарыда тізбектеген реформалардың түгелі дерлік – соның жемісі. Бұл қоғам талап ететін әділдік феноменінің ақиқатқа айналғанын дәлелдеді.

Басты жаңашылдықтар:

  • Қазақстан суперпрезиденттік модельден президенттік-парламенттік басқару формасына көшті.
  • Президентке партияға мүше болуына тыйым салынды.
  • Конституциялық сот құрылды. КС бір жылда 21 іс бойынша шешім қабылданды.
  • Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болды (70 пайызы – партиялық тізімнен, 30 пайызы – бірмандаттық округтер арқылы). Ал облыстық (50 пайыз – партиялық тізім, 50 пайыз – бірмандаттық жүйе) және қалалық, аудандық мәслихаттар тек мажоритарлық жүйемен сайланады.

2023 жылы наурызда жаңа аралас жүйе бойынша алғашқы Мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. Бұл сайлау саяси бәсекелестіктің артқанын анық көрсетті. Алғаш рет Мәжіліске алты бірдей партияның өтті. Сайлау үдерісіне мейлінше қоғам өкілдерін тарту мақсатында депутаттық мандаттың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заңмен бекітілді. Бірмандаттық округтер арқылы өзін-өзі ұсынған кандидаттар сайлауға қатысып, азаматтардың Парламент құрамына ықпал ету мүмкіндігі туды.

Қазақстанның суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшкені. Осы өзгерістің негізінде Конституцияда Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереже бекітілді. Яғни, бір рет ел басшысы болып отырған тұлға екінші қайта сайлана алмайды.

Өзгерістер бұнымен шектелген жоқ, Президенттің кез келген бір саяси партия мүшесі болуына тыйым салынды. Бұл – билік басындағы тұлғаның тәуелсіз көзқараста екенін аңғартады. Қандай да ұйымның немесе партияның мүддесін соқпайды.

Еліміздің саяси аренасы жастарға да мол мүмкіндік беріп жатыр. Президенттік жастар кадр резерві талаптылардың жолын ашты десек – қателеспейміз. Резервте 400 маман бар, бұған дейін соның 280-і, яғни, 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр.

Экономика

Соңғы 5 жылда Қазақстан орнықты экономикалық өсім көрсетіп келеді. ЖІӨ доллармен есептегенде 1,6 есе өсіп, 288,1 млрд долларға жетті. 2024 жылы жан басына шаққандағы халықтың табысы да $9,8 мыңнан $14,3 мыңға дейін көбейді. Мемлекеттік бюджеттің кірістері 2019 жылғы 12,8 трлн теңгеден былтыр 27,1 трлн теңгеге жетті. 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,6% деңгейінде болады деп болжанып отыр.

Инфографика: Kazinform

Қазақстан 20 млрд доллардан астам инвестиция тартты. 76 елмен визасыз режим жөнінде келісім орнады. Инвестициялық омбудсмен институты енгізілді. 2024 жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 3,1%-ға ұлғайып, 15,8 трлн теңгеге жетті.

Әкімшілік-аумақтық өзгерістер

2022 жылы болған әкімшілік-аумақтық өзгерістерді де елеусіз қалдырмайық. Абай (орталығы – Семей), Жетісу (орталығы – Талдықорған) және Ұлытау облысы (орталығы – Жезқазған) құрылып, Қазақстан картасында ірі өзгеріс болды. Бұл қадам әкімшілік басқаруды тиімді ете түсті. Қапшағай қаласы Қонаев деп өзгерді.

Инфографика: Kazinform

Сондай-ақ жаңа аудандар да құрылды. Шығыс Қазақстан облысында Үлкен Нарын және Маркакөл аудандары пайда болса, жаңа Абай облысында — Мақаншы және Жаңасемей аудандары құрылды.

АЭС жөніндегі референдум

2024 жылдың 6 қазанында өткен АЭС құрылысы бойынша референдум. Қазақстанда 2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 млрд кВт/сағ құрады. Халық санының өсуі, жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескерсек, энергия тұтыну алдағы уақытта да арта бермек. Билік осы мәселені алға тартып, халыққа АЭС құрылысы бойынша үндеу тастап, дауысқа салу арқылы шешуді ұйғарған. Референдум нәтижесінде қоғам болашақ үшін маңызды шешімді құп көрді.

Инфографика: Kazinform

 

Құқықтық реформалар

2023 жылы «Банкроттық туралы» заң күшіне енді. Бір жылдың ішінде бұл тетікті 17,9 мың азамат пайдаланып, жалпы сомасы 40,9 млрд теңге қарыздан құтылды.

Қоғамға қауіпті саналатын түрлі қауіптермен күрес, заңсыздықтарды жою бойынша жұмыстар қолға алынды. Мысалы, былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бес өзекті әлеуметтік проблеманы атап өткен еді: нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм мен ысырапшылдық.

Инфографика: Kazinform

Аталған мәселелерді шешу үшін 9 заң қабылданды. Отбасында зорлық көрсеткендерге жаза күшейтілсе, құмар ойынға тәуелді адамдар өз әрекетіне шектеу қоюға мүмкіндік алды. Ал нашақорлықпен күрес бойынша 2025 жылы қатаң шаралар енгізіліп, есірткі саудагерлеріне 15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жастар арасында кеңінен жайылған вейптерге де тыйым салынды, 2024 жылы 20 маусымнан бастап электронды темекілерді өндіруге және сатуға заңмен шектеу қойылды. Бұл реформалар құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталғанын айта кетейік.

Активтерді қайтару

Ел игілігі үшін жасалып жатқан қадамдар бұнымен шектелмейді. 2022 жылы 26 қарашадағы инаугурациясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару қажеттігін мәлімдеді. Көп ұзамай, 2023 жылы 12 шілдеде «Мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару туралы» заңға қол қойылды. Содан бері 2 трлн теңгеден астам актив халыққа қайтарылған екен. Неге халыққа дерсіз, себебі бұл қаражат мектеп, оңалту орталықтары, балаларға арналған спорт кешендері мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған орталықтар салуға жұмсалып жатыр.

Инфографика: Kazinform

Не қайтарылды:

- 5 миллион гектардан астам пайдаланылмай жатқан жерлер.

- Алтын, қымбат үйлер, премиум-класстағы автомобильдер.

- Акциялар мен компаниялардың үлесі.

- Шетелден 300 миллиард теңге.

«АрселорМиттал Теміртауды» сатып алу

2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал» компаниясынан кәсіпорынды $286 млн-ға сатып алды. Бұл шешімге 46 кеншінің өліміне алып келген трагедия түрткі болды. Жаңа инвестор комбинатты жаңғыртуға $3 млрд-тан астам қаржы бөлуге міндеттелді.

Инфографика: Kazinform

 

Зейнетақы жинағын баспана алуға және емдеуге жұмсау 

2021 жылы қазақстандықтан зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға немесе емдеуге жұмсауға мүмкіндік алды. Төрт жылда баспанаға 3,3 трлн теңге бағытталды.

478 мың адам зейнетақы қорында жинаған сомасын медициналық қызметтерге жұмсады. Олардың жалпы сомасы 419,3 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігі тіс емдеуге кетті.

Инфографика: Kazinform

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар өсті. Базалық төлем 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға ұлғайтылды.

Базалық зейнетақының максималды көлемі 50 851 теңгеге жетті.

Мүгедектік бойынша жәрдемақы да артты. Енді I топтағылар 101 702 теңге, II топтағылар — 81 362 теңге, III топтағылар — 55 474 теңге алады.

Балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар да едәуір көбейді. Алғашқы үш балаға 149 416 теңгеден, төртінші баладан бастап — 247 716 теңгеден төленеді. Енді бала күтіміне ай сайынғы төлемдер бір жарым жасқа дейін беріледі.

Инфографика: Kazinform

 

«Ұлттық қор – балаларға»: әр баланың несібесі

2022 жылы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың табысының бір бөлігін балаларға тікелей аудару туралы бастама көтерді. Міне, 2024 жылдан бастап жыл сайын әр қазақстандық балаға Ұлттық қордың табысынан қаражат аударылып келеді. Былтыр әр балаға 100,52 доллар, 2025 жылдың басында тағы 129,38 доллар аударылды. Екі жылда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 6,9 млн баланы қамтып, жалпы 888,8 млн доллар бөліпті.

Инфографика: Kazinform

Бұл қаражат балалардың есепшотына жинақталады, 18 жасқа толған кезде елеулі капитал ретінде беріледі. Осылайша, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы ұлттық байлықтың әділетті бөлінуін қамтамасыз етуде.

Ұлттық құрылтай

Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз.

Алғашқы Құрылтай – ұлт ордасы Ұлытауда, кейінгі кеңес – түркі әлемінің бесігі атанған Түркістанда, өткен жылы – Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылды. Биыл Құрылтай Көкшетау өңірінде өткізілмек.

Бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен 9 заң қабылданыпты. Атап айтсақ, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданған. Бұл қатарға вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды. Оған қоса, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулерді атап өткен жөн.

Еңбек адамына ерекше құрмет

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген еді Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын жариялаған кезде.

Инфографика: Kazinform

Енді мемлекеттік наградалар инженер, құрылысшы, кенші, геолог, ауыл шаруашылығы мен теміржол мамандарына, сондай-ақ басқа да кәсіп иелеріне берілетін болды.

«Таза Қазақстан»

2024 жылғы сәуірде Қазақстанда «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны басталды. Акцияға 6,2 миллион адам қатысты. Бүкіл ел аумағында сенбіліктер өтіп, қоқыс шығарылды, ағаш егіліп, аумақтар абаттандырылды. 1,6 миллион ағаш отырғызылды, 1,1 миллион тонна қоқыс шығарылды.

Инфографика: Kazinform