«Сұхбатта қоғамға маңызды идеологиялық месседждер де назардан тыс қалған жоқ. Біз бүгінде Жаңа Қазақстанды құрамыз деген жоспардың аясына топтастық. Әрине, бұл жоспар өздігінен жүзеге аспайтыны түсінікті. Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші – біздің азаматтарымыз, олардың Отанға деген адалдығы, еңбекқорлығы мен біліктілігі. Жаңа Қазақстан – жаңа міндет, ортақ мұрат. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс», - деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.
Сенат басшысының мәлімдеуінше, қазір еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап, әрі қарай нығайту – ең басты міндет.
«Президентіміз айтқандай, қазақстандықтардың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Осы ортақ Отанымызды одан әрі дамыту және жаңарту жолында баршамыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуіміз аса маңызды», - дейді ол.
Сондай-ақ, М. Әшімбаев жаңа Қазақстанды ел болып, бірге құруға шақырды.
«Құрметті достар, сондықтан елдің береке-бірлігін сақтап, сабырлық пен жауапкершілікке табан тіреп, байсалдылық танытып, бар мәселені байыппен шешуге күш жұмсауымыз қажет. Осы жолда бәріміз Президентіміздің саясатын қолдап, Жаңа Қазақстанды құруға белсенді атсалысайық», - деді Сенат төрағасы.