Жаңа келісім бекітіледі: Қазақстан азаматтарының Еуропаға сапарлауы жеңілдейді
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа Одағының Қазақстанға виза режимін жеңілдетуге арналған құжатқа қол қойылады.
Жалпы, бұл келісімнің бекітілуі қазақстандықтардың ЕО елдеріне сапарлау мүмкіндіктерін кеңейтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы іскерлік белсенділікті дамытуға ықпал етпек.
- Қазақстан Республикасы мен Еуропа Одағы арасындағы виза режимін жеңілдету келісімін бекіту бойынша келіссөз жүргізу мандатын ЕО-ға мүше мемлекеттер мақұлдаған және Еуропалық Комиссияға жолданған. Осы келісімге қол қоюға арғалған келіссөздерде бірқатар мәселе қамтылған. Оның арасында өтініштерді қарау мерзімдерін қысқарту, қажет құжаттар тізбесін қысқарту, визалық алымдарды азайту, жарамдылық мерзімі ұзағырақ бірнеше рет пайдаланылатын визаларды алу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ өтініш берушілердің жеңілдік санаттарын енгізу сияқты ұсыныстар ескерілген, - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі мәліметінде.
Ведомство ақпаратына қарағанда, аталған келісімге қол қоюдың нақты мерзімі еуропалық тараппен келіссөздер аяқталғаннан кейін анықталады.
Еске салсақ, 2023 жылы Қазақстан мен ЕО виза режимін жеңілдету бойынша ресми келіссөздерді бастайтынын жазған едік.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айының аяғында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті.
ЕО Жоғарғы өкілі К. Каллас Еуропалық комиссия мен Қазақстан арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын айтты.