Жаңа кодекс сотталғандардың тәрбиесіне жұртшылықтың қатысу тетігін қалыптастырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Қылмыстық іс жүргізу кодексі жобасы талқыланды. Еске сала кетейік, Мәжіліс кодекс жобасын бұған дейін бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Аталған кодекс жобасы сот төрелігін жүргізудің тиімділігін арттыру, адам мен азаматтың конституциялық құқықтарын сақтау және қорғау кепілдігін күшейту мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жаңғыртуға бағытталған. Бұл мақсатта қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату көзделеді. Сонымен қатар, тергеу мен анықтау органдарының азаматтар құқықтарын қозғайтын әрекеттерді дербес қабылдау бойынша өкілеттіктері тарыла түседі. Ал адвокаттар сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуы кеңейтіледі.

Жалпы, заң жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін, қылмыстық жазаларды орындаудың тиімділігін едәуір арттыруға бағытталған. Осыған орай, заң жобасын қабылдау қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды анағұрлым кең қолдануға, сотталғандар мен жазасын өтеуден босатылған тұлғаларды әлеуметтік бейімдеуге және оңалтуға, пенитенциарлық және пенитенциарлықтан кейінгі қылмыстың қайталану деңгейін азайтуға жағдайлар жасайды. Сондай-ақ сотталғандармен жүргізілетін тәрбие процесіне жұртшылықтың қатысу тетігі қалыптастырылады.