2017 жылдың он айында қазақстандықтар жеңіл көліктерге 893,1 млн доллар жұмсаған, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 33,7%-ға көп. Ең көп көлік сатып алғандар Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары.
Аталмыш кезеңде темір тұлпар сатып алуда Алматы (9320 автокөлік сатып алынды), Астана (6 873), Шымкент (2 536), Атырау (2509), Қостанай (2298), Қарағанды (2066), Орал (1874), Өскемен (1 829), Ақтау (1 429) және Ақтөбе (1 382) қалаларының тұрғындары белсенділік танытқан.
Қазан айының қорытындысы бойынша, құндық шамадағы нарық көлемі 107,7 млн долларға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18,2 пайызға асып түсті.
Қазақстандықтардың сұранысына ие болған брендтер рейтингісінде Toyota көш бастап тұр (7619 автокөлік сатылды). Lada маркалы көліктердің сатылымы 6774 дананы құрады. Үшінші орындағы Ravon машиналарын 3 393 қазақстандық тізгіндеген.