Жаңа Конституция: баспана иелері мен жалға алушылар үшін қандай өзгеріс бар

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция тұрғын үй мен жеке меншік құқығын қорғауды күшейтетін нормаларды бекітті. Енді ешкімді баспанасынан шығару немесе мүлкін тартып алу соттың шешімінсіз жүзеге аспайды.

Фото: pexels

Бұл норма тек пәтер иелеріне емес, тұрғын үйді заңды түрде пайдаланып жүрген адамдарға, соның ішінде жалға алушыларға да қатысты.

Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Виталий Шалаевтың айтуынша, бұл өзгеріс жалға беру нарығын түбегейлі өзгертпейді, бірақ тараптарды жауапкершілікпен әрекет етуге ынталандырады.

— Меніңше, бұл түзету жалға беру нарығын өзгертуден бұрын, оны жаңа деңгейге көтереді. Бұдан былай ауызша келісімге емес, заң талаптарына сай жасалған шартқа сүйенген дұрыс. Пәтер иесі де, жалға алушы да өз міндетін орындаса, бұл өзгеріс оларға қосымша қиындық туғызбайды, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, енді жалға беру шартын мұқият әзірлеудің маңызы арта түседі.

— Қазірдің өзінде көп адам дайын үлгідегі келісімшартты пайдаланады немесе мүлде ауызша келісіп жатады. Мұндай тәсілдің тәуекелі жоғары. Келісімшартта екі тараптың құқықтары мен міндеттері, келісімді бұзу тәртібі және пәтерді босату шарттары нақты жазылса, кейін дау туындау ықтималдығы да азаяды, — дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы жаңа норманы іс жүзінде қолдануға қатысты әлі де жауапсыз сұрақтар бар екенін айтады. «Мысалы, жалға алушы келісімшарт талаптарын бұзса, бірақ пәтерден өз еркімен шықпаса, не болады?»

— Айталық, келісімшартта жалдау ақысын ұзақ уақыт төлемесе немесе басқа да елеулі талаптарды бұзса, жалға алушы пәтерді босатуға міндетті деп көрсетілген, бірақ ол бұған келіспесе, келісімшарттағы талап жеткілікті бола ма, әлде меншік иесіне бәрібір сотқа жүгінуге тура келе ме? Бұл сұрақтың нақты жауабы әзірге жоқ. Оны алдағы сот тәжірибесі көрсетеді, — деді Виталий Шалаев.

Оның пікірінше, бұл өзгерістер жалға беру нарығын ашық әрі құқықтық тұрғыдан реттелген жүйеге айналдыруға ықпал етеді.

— Бұл түзету келісімшарттың маңызын одан әрі арттырады. Уақыт өте келе нарық ауызша келісімнен заң талаптарына сай рәсімделген мәмілелерге көшеді. Бұл пәтер иесіне де, жалға алушыға да тиімді, — деді сарапшы.

Виталий Шалаевтың сөзінше, жаңа норма тек жалға беру саласына ғана қатысты емес. Ол жылжымайтын мүлік иелерінің құқықтарын да күшейтеді.

— Конституцияда енді адамның мүлкін сот шешімінсіз тартып алуға болмайтыны нақты жазылған. Бұл — адал меншік иелерінің құқығын қорғауға берілген қосымша кепілдік, — деп түйіндеді сарапшы.

Бұған дейін Қазақстанда мүлік сатқанда түсетін табысқа салық есептеу тәртібі өзгергені жөнінде жаздық.