Жаңа Конституция билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады – депутат

Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституция билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасын талқылау барысында депутат Нұрлан Әуесбаев айтты.

– Айрықша атап өтетін тағы бір жайт – Конституцияның жаңа жобасында билікті бір қолға шоғырландыру мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады. Президент өкілеттілігі бір рет қана міндеттеліп, тек жеті жылдық мерзім бекітілді. Ал президент өкілеттілігін уақытша атқарушы тұлғаға енді қайта сайлану құқығы берілмейді. Сонымен қатар келесі президентке Конституцияны өзгертуге парламентті тарату құқығы негізсіз деп танылды, - деді ол.

Депутат бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығы мәселесіне жеке тоқталып, қоғамда «Ата заңның жаңа жобасы негізінде азаматтардың құқықтары шектеледі» деген алаңдаушылық бар екенін айтты.

– Алайда, ұсынылған нормаларды мұқият оқысаңыз, адам құқықтарының шектелуі туралы ешқандай ой қозғалмаған. Атап айтқанда, бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі, сөз бостандығы, өз пікірін айту құқығы – бұрын қалай бар болса, сол күйінде айна қатесіз сақталды. Тек тұжырымдамалар нақтыланып, құқықтық рәсімдеулер түзетілуде. Сондықтан мұны «шек келтіру» деп көрсетуге негіз жоқ, - деді Нұрлан Әуесбаев.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасын талқылау барысында депутат Еркін Әбіл «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі екенін айтқан еді.