Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайды – Мәлік Отарбаев

ОРАЛ. KAZINFORM – Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің бірнеше ауданында болып, тұрғындармен кездесті. 

Фото: Нұрбек Ихсан

Казталов ауданында еліміздегі саяси реформалар талқыланған жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалардың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. 15 наурызда өтетін республикалық референдум арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатыны айтылды.

Фото: Нұрбек Ихсан

Кездесу соңында Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, елімізде қолға алынған конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті, тиімді әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екенін атап өтті.

– Қазақта «Заман басқа, заң басқа» деген сөз бар. Жалпы заман өзгергенде, қоғам өзгергенде, адам өзгергенде заңның өзгеруі қисыңды нәрсе. Қазір еліміздің саяси бағдары үшін маңызды сәт. Жаңа Конституция — ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын, көрсететін тарихи құжат. Жалпы, осы конституциялық реформа Президенттің еліміздегі саяси жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған маңызды қадам деп білеміз. Біздің халқымыз, сапалы тіршілікке, сапалы өмір салтына ұмтылып отыр. Сондықтан конституциялық реформаның да бастауында халықтың сұранысы тұр. Халықтың сұранысы іспен, дәйекті заңмен орындалатыны сөзсіз. Екіншіден, Тәуелсіздіктен кейін 30 жылдан астам уақытты артқа тастаған қоғам идеологиялық бағдар мен тарихи танымда елеулі үзік барын жиі айтатын. Біз әлеуметтік желідегі, бұқаралық ақпарат құралдарындағы айтылатын ащы, кейде тұщы сынды байқаймыз. Мінекей, саяси жаңару осыны да орайымен түзеп, сабақтастықты жалғап келе жатыр. Үшіншіден, заңның өзіне заңдық қағидатпен қарайтын уақыт туды. Біз – ілгері мемлекетпіз. Біздің мемлекеттік тарихымыз ғасырлар бұрын басталып, ғасырлар бойы жалғасып отырады, - деді Президент кеңесшісі.

Фото: Нұрбек Ихсан

Мәлік Отарбаев сондай-ақ Ақжайық ауданының орталығында болып, тұрғындармен кездесті.

– Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мәні мен маңызын ұғындыру. Әр заманның өз заңы бар. Оған тарихтағы Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы куә. Біздің алғашқы Конституциямыз тоқсаныншы жылдары Франция елінің заңына ұқсастырылып, түпнұсқасы орыс тілінде жасалды. Бүгінде ол толықтай ана тілімізде жазылып, жаңартылды. Адам құқығы, мемлекеттік басқару, цифрлық кеңістіктегі үдерістерге сай өзгерістер енгізілді. Референдум арқылы әрбір қазақстандық өз ойын білдіре алады. Біз реформаға байланысты барлық ұсыныстарды ескердік және олар Конституция жобасында өз көрінісін тапты. Бұл – еліміздің дамуына және азаматтық қатысуды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам, – деді Мәлік Нұржанұлы.

Теректіде Мәлік Отарбаевтың қатысуымен аудан активінің жиыны өткізілді.

Фото: Казталов ауданы әкімдігі

Жиында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, референдумның ел өміріндегі маңызына тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Фото: Казталов ауданы әкімдігі

Үш ауданда өткен кездесулер барысында қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды. Олар Конституцияның жобасын қолдайтындықтарын білдіріп, тұрғындарды референдумға қатысуға шақырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында референдум күні қоғамдық көліктер тегін жүретінін жазған болатынбыз.