Депутаттың айтуынша, Ата заңға ұсынылған өзгерістер қоғамның бүгінгі сұранысына тікелей жауап береді, әсіресе азаматтардың мемлекеттен күтетін теңдік пен ертеңгі күнге деген сенімі басты назарға алынған.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық түзетулердің түпкі мәні бір – ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жаңа Конституция жобасы осы логикамен құрылған, – деді Сергей Пономарев.
Халық қалаулысы құжаттың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де қамтитынын айтты. Оның ішінде қоршаған ортаны сақтау, тұрақты экономика мен әлеуметтік қауіпсіздік мәселелері өзара сабақтасқан.
– Маңызды элементтердің бірі – азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қоғамдық бірлестіктердің еркін қызметі мен азаматтардың басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі ашық диалогқа жол ашады. Ал заң мен сот алдындағы бәрінің теңдігі – әділетті құқықтық тәртіптің негізі. Бұл адамдардың әлеуметтік мәртебесіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың құқықтарының бірдей қорғалатынын білдіреді, – деді депутат.
Сергей Пономарев көпұлтты қоғамдағы бірлік пен келісім мәселесіне де тоқталып өтті. Оның пайымдауынша, жаңа Конституция әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеу арқылы тұрақтылықты нығайта түспек.
– Жаңа Конституция жобасы – халықтың үмітін арқалаған, мемлекеттің адам құқығы, қауіпсіздік және әлеуметтік сала үшін жауапкершілігін айқындайтын құнды құжат, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақжол» партиясы жаңа Конституция жобасына 50-ден астам түзету ұсынған еді.