Жаңа Конституция күшіне енді — сарапшы негізгі өзгерістерге тоқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жаңа Конституцяиның маңызы мен оның қоғамдық-саяси жүйеге әсерін талдады.

Фото: ҚСЗИ

Сарапшының айтуынша, жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның қабылдану кезеңінде жатыр. Құжат жасалу барысында-ақ мемлекеттік органдар мен ғылыми қоғамдастықтың, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының күш-жігері біріктірілген еді.

— Бұл құрылымдар ғылым өкілдерін, мемлекеттік органдарды, депутаттық корпусты, саяси партияларды, азаматтық қоғам институттарын және сарапшылар қауымдастығын біріктірді. Азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныс құжаттың соңғы редакциясын әзірлеу барысында жан-жақты қарастырылды. Мұндай тәсіл жаңа Конституцияның қоғамдық легитимділігін күшейтіп, еліміздегі конституциялық құрылыс ашық диалог пен кең қоғамдық келісім қағидаттарына негізделетінін айқын көрсетті, — деді ол.

Директор жаңа Конституцияның маңызы институционалдық өзгерістер шеңберінен әлдеқайда кең екенін атап өтті.

— Құжат мемлекеттіліктің жаңа моделінің құндылықтық негізін айқындайды, мұнда басты орын адамға, оның құқықтары мен бостандықтарына, қадір-қасиетіне беріледі. Бұл қағидаттың енді тек саяси декларация ретінде емес, мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындайтын нақты конституциялық норма ретінде бекітілді, — дейді Жандос Шаймарданов.

Сонымен қатар Ата Заңда конституциялық құндылықтардың жаңа жүйесі қалыптасқан. Мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, унитарлық құрылым және мемлекеттің зайырлы сипаты сияқты дәстүрлі қағидаттармен қатар, әділеттілік, заң мен тәртіп, әлеуметтік ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар да ерекше маңызға ие болды.

Сондай-ақ ол елдің стратегиялық даму ресурстарын түсінудегі тәсілдің түбегейлі өзгергенін де атап өтті. Бұған дейін негізгі назар дәстүрлі түрде табиғи ресурстарға аударылса, жаңа Конституция білім беру, ғылым және инновациялар арқылы адами капиталды дамытуды басым бағыт ретінде бекітеді. Жаңа Ата Заң қазіргі технологиялық сын-қатерлерге бейімделген.

— Конституциялық деңгейде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау кепілдіктері бекітілді. Бұл цифрландыруды жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және конституциялық құқықтарды қорғаудың жаңа тетіктерін талап ететін құқықтық үдеріс ретінде түсінудің көрінісі, — деп толықтырды ол.

Жандос Шаймарданов Қазақстанның конституциялық дамуы сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өткенін айтты.

— Жалпыхалықтық референдумда қабылданған бұл құжат мемлекеттің жаңартылған институционалдық құрылымын ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын негізгі құндылық бағдарларды да бекітеді. Адам қадір-қасиетін құрметтеу, заң үстемдігі, әділеттілік, жауапкершілік, қоғамдық келісім, адами капиталды дамыту және технологиялық өзгерістерге ашықтық. Дәл осы құндылықтар жүйесі Қазақстанның жаңа саяси-құқықтық моделінің берік негізін қалыптастырмақ, — деп түйіндеді сарапшы.

Еске сала кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді.

Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.