Жаңа Конституция мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын саяси жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді – Әшімбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституция халыққа қызмет ететін және мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын саяси жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында жаңа Конституция жобасының ережелерін түсіндіру аясында депутаттардың өңірлерге сапарларын қорытындылаған палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. 

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Өздеріңізге белгілі, қазір біз мемлекеттің тағдырын, елдің ертеңін айқындайтын тарихи кезеңде тұрмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдарда ауқымды жаңғыртуларды жүзеге асырдық. Конституциялық реформа осы жүйелі өзгерістердің дәйекті жалғасы. Басты мақсат — Тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Жалпы, қазір бүкіл әлем жаңа кезеңге қадам басып жатқанын көріп отырмыз. Экономика, технология, қауіпсіздік жүйесі және халықаралық қатынас салалары түбегейлі өзгеруде. Бұл үдерістер бізден стратегиялық бағдарымызды айқындап алуды талап етуде, - деді Сенат спикері.

Осы орайда палата төрағасы жаңа Конституция, ең алдымен, жаңа сын-қатерлерге берілген жауап екенін баса айтты.

— Бұл — жаһандық тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін аса маңызды шешім. Сонымен қатар, жаңа Конституция халыққа қызмет ететін және мемлекеттілікті одан әрі нығайтатын саяси жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі және тиімділігі артады. Осылайша, саяси жүйе заманауи талаптарға сәйкес пәрменді әрі нағыз халық үнін еститін құрылым ретінде қалыптасады, - деді Мәулен Әшімбаев.

Оның пайымынша, конституциялық реформа азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге негізгі басымдық береді.

— Жаңа Ата Заң жобасында адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалып отыр. Сенаторлардың өңірлерге сапарларының қорытындысы халықтың жаңа Конституция жобасын қолдайтынын көрсетті. Сондай-ақ, палата деңгейінде өткізілген іс-шараларда еліміздегі жетекші сарапшылар, қоғам белсенділері, жастар да оң пікірлерін білдірді. Жалпы, Сенат Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан барлық реформаны әрқашан қолдайды. Қазіргідей маңызды сәтте де бәріміз Мемлекет басшысының саясаты аясында бірігіп, жұдырықтай жұмылып әрекет етуге тиіспіз. Шын мәнінде, бұл — ортақ жауапкершілік кезеңі. Әрбір азамат, әрбір мемлекеттік орган жаңа Конституцияда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруға атсалысуы қажет. Сол себепті, барша қазақстандықты 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл — біздің дамыған мемлекет әрі болашағы жарқын қоғам екенімізді көрсетеді. Осы жолда халқымыз ауызбіршіліктің биігінен көрінеді деп сенемін, - деді Сенат спикері.

Еске сала кетейік, осыған дейін Сенат Конституция жобасы ережелерін түсіндіру үшін депутаттардың өңірлерге сапарын қорытындылайтынын хабарлаған едік.