Жаңа Конституция жобасы еңбек адамының мүддесіне сай – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның оныншы отырысында жаңа Ата заң жобасының еңбек адамы үшін маңызы қандай екенін түсіндірді.
Дәулеталиннің айтуынша, Жаңа Конституция жобасы еңбек ұжымдарында, өңірлер мен кәсіпорындарда кеңінен талқыланған.
– Адамдар жалақы, еңбек қауіпсіздігі, жұмысынан айырылып қалу қорқынышы мен балаларының болашағы туралы бүкпесіз пікірлерімен бөлісті. Осы талқылаулар нәтижесінде Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституция жобасын мазмұны жағынан қолдады. Өйткені бұл жоба негізінен еңбек адамының ойына, күткен үміті мен мүддесіне сай, – деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік сипаты мен «Әділетті Қазақстан» қағидатының өлшемдері туралы айтылды. Федерация төрағасы Ата заңның бірінші бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде бекітілуі еңбек адамына бағытталған маңызды белгі екенін атап өтті.
– Мемлекет есеп пен көрсеткішке емес, таңнан кешке дейін еңбек етіп, елдің берекесін ұстап тұрған адамға сүйеніп құрылатынын айқын жеткізетін ұғым. Мемлекет еңбек ету құқығын жариялап қана қоймай, жұмыспен қамтуға, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға міндет алады. Бұл – маңызды бетбұрыс. Еңбек енді адамның жеке тәуекелі емес, лайықты өмірдің тірегі ретінде танылады, – деді федерация төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Конституция жобасынының 9-бабында «тең» сөзі «қатар» деп өзгертілген еді.