Журналист Ата заң жобасындағы сөз бостандығы мен ғылыми-техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне қатысты баптарға тоқталды.
— Еркін ойсыз ел көсегесі көгермейді, ашық пікір алмасусыз алға баспайды. Жаңа жобада сөз бостандығын шектеуге қатысты норма жоқ. Басты мақсат — жауапкершілік жүгін күшейту, арандатушылық әрекеттердің алдын алу. Сондай-ақ, жобада ақпаратты еркін алу мен тарату құқығының айқын бекітілуі — өркениетке ұмтылған жұртқа лайық батыл қадам, — деді Ерқанат Көпжасарұлы Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында.
Оның айтуынша, ақпаратқа қол жеткізу құқығының нақты тетіктермен бекітілуі баспасөздің демін ашып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады.
— Ең маңыздысы, еркіндік пен жауапкершіліктің бір арнаға тоғысуы. Адамның ар-намысы мен абыройын биік қою, ұлттық құндылықтарды қадірлеу — еркіндікті желбуаздыққа айналдырмаудың, оны ел мүддесіне қызмет еткізудің парасатты қадамы. Мұндағы еркіндік — жүгенсіздік емес, мемлекеттік санаға негізделген жауапкершілік. Осы заңнамалық ұстаным пікір алуандығының тынысын ашып, салауатты сынның өрісін кеңейтеді. Ел бірлігіне сызат түсіретін жөнсіздікке тосқауыл қояды, — деп толықтырды Ерқанат Көпжасарұлы.
Сонымен бірге, комиссия мүшесі ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер журналистиканың басты миссиясын — қоғам мен билік арасындағы алтын көпір болуды, ақиқатты айна-қатесіз жеткізуді, сындарлы сұхбат мәдениетін қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтуда.
Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан жаңа Конституциясымен өзге елдерге үлгі бола алатынын айтқан еді.