Жаңа Конституцияға қатысты әртүрлі көзқарастың болуы табиғи құбылыс – Мұрат Әбенов

Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі жаһандық өзгерістер дәуірінде, төртінші өнеркәсіптік революция, технологиялық серпіліс пен цифрландыру жағдайында мемлекеттік басқаруға жаңа талаптар қойылып отыр. Осыған байланысты қоғам дамуына серпін беретін заманауи Конституцияның маңызы айрықша. Онсыз орнықты даму мүмкін емес. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, комиссия жұмысына қатысты қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатқанымен, қазіргі құрамның кәсіби әлеуеті өте жоғары.

– Қолданыстағы 1995 жылы қабылданған Ата заң небәрі 12 маманның қатысуымен әзірленген еді, оның үшеуі шетелдік сарапшылар болатын. Ал бұл жолы комиссия құрамында 130 білікті маман ел мүддесіне сай бірлесіп, ашық форматта еңбек етуде. Олардың қатарында 25 тәжірибелі заңгер бар, басым бөлігі заң саласындағы беделді ғалымдар, – деді депутат.

Сонымен қатар Мұрат Әбенов қоғамда әртүрлі көзқарастың болуы табиғи құбылыс екенін атап өтті. Оның сөзінше, азаматтардың өз пікірін айтуы, күмәндануы, балама ұсыныстар енгізуі мен өткір пікірталастардың өрбуі – ауқымды тарихи өзгерістер кезеңінде заңды жағдай.

– Кез келген ірі реформалар кезінде осындай талқылаулардың болғаны маңызды. Сонда ғана құжат сапалы болады. Ата заң жобасы жарияланған сәттен бастап ол 95 баптан, 320 тармақтан тұрады. Соның ішінде небәрі 3-4 бап бойынша ғана қызу пікірталас жүріп жатыр. Қалған нормаларға азаматтар тарапынан қолдау бар. Нақтырақ айтқанда, 5-баптың 6-тармағы – жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамытуына қатысты, 9-баптың 2-тармағы – тіл мәселесі, 23-бап – сөз бостандығы, 62-бап – құрылтайдың таратылуына байланысты ұсыныстар түсуде. Бұл маңызды мәселелер. Азаматтар пікір білдірген соң, біз жауапкершілікті терең сезінеміз, – деді ол.

Депутаттың мәлімдеуінше, барлық ұсыныстарды қоса алғанда, өзгерістер Конституция жобасының 1 пайызына да жетпейді.

– Яғни қоғам жобадағы 320 пункттің 317-сін толық қолдап отыр. Бұл Конституция жобасының 99 пайызын халық қолдайды деген сөз, – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Бұған дейін саясаттанушы Марат Шибұтов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстандағы жаңа Ата Заң жобасының бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық дайын екенін атап өткен болатын.