Министрдің айтуынша, Конституция мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңартты. Ол «Күшті Президент — ықпалды Құрылтай — есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген.
Тамыз айында Құрылтайға сайлау өтіп, мемлекеттік билік жүйесі толықтай қайта құрылады. Конституцияны заңнамалық тұрғыдан іске асыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуде.
— Конституцияны іске асыру жөніндегі ел Президентінің Жарлығына сәйкес, алғашқы кезеңде заңдардың 9 «топтамасы» қабылданды. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң қабылданды. Қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға толықтай сәйкес келтірілді. Нәтижесінде мемлекеттік институттардың қызметіне және Құрылтайға сайлауды өткізуге қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды, — деді Ерлан Сәрсембаев.
Бір мезгілде мемлекеттік органдар көптеген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізді.
— Осылайша, Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Келесі кезең — жаңа конституциялық құндылықтар мен қағидаттарға сүйене отырып, бүкіл құқықтық жүйені кешенді түрде дамыту. Бұл бағыттағы жұмыс басталды, — деді Әділет министрі.
Үкімет бекіткен Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізуде.
Мысалы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, цифрлық ортада дербес деректерді қорғау және мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірленіп жатыр. Басты міндеттердің бірі — Конституцияға енгізілген новеллаларды Әділетті Қазақстан призмасы аясында іске асыру.
— Кеше Парламент сессиясының жабылуында Мемлекет басшысы шынайы әділетті қоғам — игілікті тең дәрежеде бөлу емес, ол — әр азаматқа тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған тиімді жүйе екендігін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы норма шығару процесіне жаңа көзқараспен қарап, болжамдық талдауға, құқықтық және экономикалық салдарларға сүйену қажеттігіне ерекше назар аударды. Аталған тезистерді ескеріп, Құрылтай қалыптасқанша сайлау кезеңінде мемлекеттік органдар заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша барлық қажетті тәсілдерді әзірлейді, — деді сала министрі.
Айта кетейік, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.
Президент қазақстандықтарды Жаңа Конституцияның күшіне енуімен құттықтады.
Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.