– Ата заңның қағидалары енді барлық заңнамаға, құқық жүйесіне және азаматтардың күнделікті өміріне тікелей ықпал етеді. Бұл жаңа заң қабылдаумен қатар, қолданыстағы құқықтық институттарды конституциялық құндылықтарға сәйкестендіруді талап етеді, – дейді профессор.
Сарапшының сөзінше, Конституцияның маңызды жаңашылдықтарының бірі – мемлекеттік биліктің басты мақсаты азаматқа қызмет ету екенін нақтылай түсуі. Осыған сәйкес азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері де едәуір күшейтілген.
– Соның нәтижесінде мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, азамат өзін мемлекеттік аппараттың объектісі емес, құқықтары Ата заңмен қорғалған толыққанды құқық субъектісі ретінде сезіне алады, – дейді Марат Асқарұлы.
Профессордың пікірінше, Конституцияның тиімділігі оны қоғамның қаншалықты терең түсініп, күнделікті өмірде қолдана білуіне де байланысты. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
– Конституцияны барлық білім беру ұйымдарында оқытып, оның нормаларын қарапайым әрі түсінікті тілмен тұрақты түсіндіріп отыру маңызды. Әсіресе, әлеуметтік желілерде, цифрлық платформаларда және қоғамдық пікірталастарда күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы жастардың құқықтық сауатын арттыру қажет. Азамат өз құқықтарын іс жүзінде қалай қорғай алатынын білгенде ғана Конституцияның мән-маңызын толық сезінеді, – дейді спикер.
Айта кетейік, күні кеше Президент реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын Құрылтайдың алдағы қызметі айшықтайтынын айтты.
1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Ата заң аясында қабылданатын шешімдер мен саяси реформаның халық өміріне әсерін талдап жазған едік.