Жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттің стратегиялық дамуына толық жауап береді – Бақыт Нұрмұханов

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституциясының алғашқы жобасында көзделген жаңашылдықтар елдің даму үрдістерінің талаптарына толық жауап береді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.

– Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының алғашқы жобасында көзделген жаңашылдықтар қоғам мен мемлекеттің стратегиялық даму үрдістерінің талаптарына толық жауап береді. Олар қалыптасқан мемлекеттіліктің конституциялық негіздерін күшейте отырып, қайта бекітеді. Адам құқықтары мен Конституция негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар жасайды, - деді Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияның жобасын таныстыру кезінде.

Осы орайда ол «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының логикасына сай келетінін атап өтті.

– Қоғам мен мемлекет эволюциясының жаңа бір кезеңін ашуға негіздер қалайды. Бұл жоба бойынша сіздердің салиқалы пікірлеріңіз бен белсенді азаматтар мен ұйымдардың ұсынымдары ары қарай жұмыс барысында да құнды азық болады, - деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Конституциялық комиссия мүшелеріне қарата айтқан сөзінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жаңа Конституцияның жобасындағы үшінші «Президент» бөліміне тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған және мүлде жаңа ережелер енді. 

Сонымен қатар Құрылтай төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді.