Жаңа Құрылыс кодексінің жобасы: Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық техникалық нормалау институты құрылыстағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен айналысады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

- Құрылыс саласындағы көптеген ереже мен нормалар әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері бұл салада үлкен өзгерістер жасалып, нормативтік база бірнеше рет қайта қаралды. 2010 – 2020 жылдар аралығында техникалық реттеу жүйесінде ауқымды реформа жүргізілді. Оның аясында еурокодтар жүйесі енгізілді, қауіпсіздік пен энергия тиімділігіне қатысты құжаттар өзгертілді. Бірақ соған қарамастан, кейбір нормалар ескірген қалпында қалып, бүгінгі заманның талаптарына толық жауап бере алмай отыр. Сондықтан нормативтік базаны тұрақты түрде жаңартып, заманға бейімдеу мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде техникалық нормалау жүйесіне ерекше назар аударылды. Кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарланды. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін өз қолына алады, - деді Е. Нағаспаев.

Бұл орган нормативтердің қалай қолданылып жатқанын бақылап, қажет болған жағдайда түсіндірме береді, жаңа технологиялар мен тәжірибелерді ескеріп, өзгерістер ұсынады.

Бұдан басқа, құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру ескерілген. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады.

- Осылайша нормалау жүйесінің дамуына барлық мүдделі тараптар тартылып, құрылыс саласына заманауи, икемді және ашық техникалық реттеу жүйесі енгізіледі, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Бақытжан Базарбек жаңа Құрылыс кодексінің жобасында адам қауіпсіздігі бірінші орында болатынын айтқан еді.