Прокуратура өкілі жаңа заңнамада енгізілген өзгерістердің қандай тиімділік көрсеткенін атап өтті.
Жаңа кодексте кінәнің екі түрі енгізілген. Біріншісі - кінәсін мойындау болса, екіншісі - құқық қорғау органдарымен әріптестік орнату. Әріптес болған адамдарға жеңілдік ретінде максималды мерзімнің жартысынан аспайтын мерзім беріледі. Екі ай ішінде 205 іс келісім арқылы аяқталған.
«Оның ішінде жеңіл құқықбұзушылық бойынша - 42, орташа дәрежедегі - 96, ауыр қылмыстар бойынша - 67 іс өзара әріптестікпен аяқталды. Сотқа дейінгі өндірістік істердің 30 пайызы жеделдетілген ретпен аяқталды. Бұл өз кезегінде тергеу амалдарына үлкен демеу болды. Екі айдан бері істердің 50 пайыздан астамы қысқартылған режімде қаралды», - деді ол.
Жаңа кодексте Еуропа елдерінің құқық қорғау жүйелерінен алынған озық тәжірибелер қолданылған. Қамауда отырған күдіктіні бұлтартпау шарасы ретінде кепілдеме алу енгізілді. Егер кепілдеме сомасы соттың депозитіне аударылса, онда соттың келісімі талап етілмейді. Уақытша оқшаулау орнының басшысы күдіктіні босата береді. Өз кезегінде бұл уақытша оқшаулау орындарының босауына әкеледі.
«Егер бұл норма өз тиімділігін көрсетсе, елімізде түрмеде отырғандар азаяды. Айталық, Украинада жылына 38 мың адам қамауға алынатын болса, осы өзгеріс енгізілгелі бері адам саны 12 мыңға қысқарды. Екі ай ішінде кепілдемені пайдалану 18 пайызға артты», - деді И.Меркель.
Оның айтуынша, 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес қайта қалпына келтіру институттарын жандандыру үшін ҚР қаржы министрлігімен біріге отырып, жапа шегушілердің өтемақы қорын қалыптастыру туралы заң жасалды.
«Мұндай қорлар әлемнің 20 шақты елінде бар. Қор түрлі бағытта толықтырылып отырады. Біздің ойымызша, бұл аса ірі жемқорлық қылмыстардан түскен тәркіленген мүліктер, айыппұл болады. Бұл шығынды өтеудің ҚПК-те көрсетілген тетіктерін жоққа шығармайды. Одан бөлек, қиын жағдайда қалған аса мұқтаж жапа шегушілерге көмек көрсетіледі», - деді ол.