«Жаңа мамандықтар атласының» аясы кеңейеді – Саясат Нұрбек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде болашаққа қажетті мамандықтар тізімі зерттеліп, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы жасалуда. Жақында нәтижесі белгілі болатын аталған жоба туралы BTS Digital білім жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканың 9 басым бағыты бойынша «Жаңа мамандықтар атласы« атты зерттеуіміз аяқталуға жақын. Қорытындысын 2 аптадан соң көпшілікке жариялайтын боламыз. Кеше зерттеуімізді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне таныстырдық. Сол жерде аталған жобаның аясын кеңейту туралы шешім қабылданды. Яғни жаңа мамандықтар атласында экономика мен ауыр өнеркәсіп саласы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, қайта өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және цифрландыру салаларын да қамту керектігі айтылды»,- деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының негізгі мақсат-міндетімен таныстырды.

«Зерттеу жобамыздың басты 3 мақсаты бар. Ол алдымен, кәсіптік бағыт-бағдар беру. Оның нәтижесімен ҚР Білім және ғылым министрлігімен бөлісіп, толыққанды кәсіптік бағдар беру платформасын құруға көмектесеміз. Екінші мақсат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірнеше жыл бойы қалыптасып келе жақтан, еңбек ресурстарын болжау ұлттық жүйесін сапалы түрде толықтыру. Үшіншіден, жоғарғы білім беру жүйесі мен ТжКБ (Техникалық және кәсіби білім) бойынша жаңа оқу бағдарламасын жетілдіруге көмек көрсету. Сол сияқты жақында жобаның екінші кезеңін бастайтын боламыз. Ондағы басты міндет – еңбек нарығындағы жаңа сұранысты анықтау», - деді ол.

С. Нұрбектің сөзіне сенсек, «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы 2021 жылы Хромтау тау-кен техникалық колледжінде пилоттық оқу бағдарламасы ретінде енгізіледі.

Айта кетейік, елордада Zoom платформасы арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында форсайттық зерттеулер нәтижесін талқылауға арналған диалогтық конференция өтті. Аталған шараға сарапшылар және түрлі сала мамандары қатысты.