Бұл туралы клубтың баспасөз баянында хабарланған. Адам Кемп шабуылды түйіндей алатын, ұзын бойлы (бойы 208 см), денелі спортшы. Ол қорғаныста да мықты ойнай алады. Қарсылас шабуылынан кейін допқа иелік ету көрсеткіші бойынша Македония чемпионатының 2014/2015 жылғы маусымында үздіктер қатарында болды.
Өткен маусымда ол «Feni industries» сапында 25 ойын өткізіп, орта есеппен 1 матчта 12.1 ұпай жинап отырған.
Айта кетейік, «Астана» баскетбол клубы 2011 жылы құрылған. «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіреді. Төрт дүркін Қазақстан кубогының иегері, ҚР Ұлттық лигасының екі мәрте чемпионы, соңғы үш маусым бойы қатарынан ВТБ Біріккен Лигасының плей-оффына шығып келеді.