Қазақстандық және черногориялық БАҚ арасындағы медиаынтымақтастық бағытындағы алғашқы құжатқа Президент Телерадиокешені директорының орынбасары Тілеген Әбішев пен RTCG Бас директоры Борис Раонич қол қойды.
Құжат жаңалық алмасу, маңызды оқиғалар мен іс-шараларды бірлесіп жариялау, сондай-ақ медиаөндірістегі озық тәжірибе мен заманауи әдістерді бөлісу бағытындағы ынтымақтастықтың негізін қалады.
Ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде екі елдің жетекші медиакомпаниялары Қазақстан мен Черногорияда болып жатқан оқиғалар туралы жедел әрі объективті ақпараттың аудиторияға кеңінен жетуіне өзара қолдау көрсетуге басымдық береді.
Черногорияның бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестікті дамыту Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені жүзеге асырып жатқан Еуропадағы серіктестік желіні кеңейту стратегиясының бір бөлігі саналады. Бұған дейін телерадиокешен Belga News, BTA, Novinata, FENA, Agenzia Nova, Adnkronos, CNA, RTS, Tanjug, TASR және өзге де медиакомпаниялармен осындай келісімдер жасаған.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені – медиаконтентті өндіру мен таратудың толық циклін қамтитын еліміздегі ең ірі интеграцияланған медиакомпания. Оның құрамына қазақстандық аудиторияға арналған Jibek Joly телеарнасы мен аттас радио, халықаралық Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime арналары, халықаралық Kazinform ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық бөлімшесі кіреді.
RTCG (Radio-televizija Crne Gore) – Черногориядағы ең ірі мемлекеттік қоғамдық телерадио компаниясы. Оның құрылымында эфирлік телеарналар, радиостанциялар, жаңалықтар интернет-порталдары және MNE Play OTT-платформасы жұмыс істейді.
Осыған дейін Президент Телерадиокешені мен «Татмедиа» медиа альянсын құрған болатын.