Жаңа мерзімге сайланған Башар Асадты ұлықтау рәсімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия президенті Башар Асад жаңа жетіжылдық мерзімге мемлекет басшысы антын қабылдады.

3 маусымда өткен президенттік сайлауда Асад ел президенті ретінде жаңа мерзімге сайланған болатын. Осымен ол енді президенттік лауазымға үшінші рет сайланып отыр.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, ұлықтау рәсімі Дамаскідегі Каср аш-Шааб сарайында өтті. Бұл салтанатты шараға Халықтық кеңестің мүшелері, діни конфессиялардың басшылары, мәдени және қоғамдық қайраткерлер қатысты.

Айта кетейік, бұл елде үш жылдан астам уақыттан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр.

Башар Асадты дауыс берушілердің 89 пайызы қолдады. Қазіргі мемлекет басшысына 11,6 млн. сайлаушылардың 10,2 миллионы дауыс берді. Алайда, көтерілісшілер сайлау нәтижесін мойындамай отыр.