Жаңа міндеттерді атқаруды жаңа Парламенттің құзырына берген абзал - М. Жолдасбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа міндеттерді атқаруды жаңа Парламенттің құзырына берген абзал. Депутаттар бастамашы болған Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын өткізуге қатысты пікірін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осылай мәлім етті.

«Өз басым депутаттардың мерзімінен бұрын сайлау туралы ұсыныс айтып, Елбасының атына Үндеу жолдағанын құптадым. Парламент аз жұмыс атқарған жоқ. Олар бүгінгі дамудың өзегін қамтыған Ұлт Жоспарының негізін қалады, құқығын қамтыды, заңын жазып берді. Сол үшін оларға рақмет айтуымыз керек. Дегенмен, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, елдің алдында Елбасымыз айқындаған жаңа міндеттер тұр. Ал ондай ауқымды міндеттерді жүзеге асыратын жаңа Парламенттің керектігін де құптаймын. Менің ойымша, жаңа Мәжілістің құрамында жастар көбірек болуы керек», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Оның айтуынша, саяси науқанды мерзімінен бұрын өткізуден ұтатын тұстар да баршылық. Соның ішінде еліміздің әлеуметтік жаңғыруына, дағдарыспен күресте билікке икемді қимыл қажет. Мерзімінен бұрынғы сайлау сондықтан да маңызды.