«Бүгінгі күні зауыттың параметрлері мен орналасатын алаңы, сондай-ақ шығарылатын өнімдер тізбесі мен өткізетін нарығын анықтау аясында төртінші мұнай өңдеу зауытының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі соңғы әзірлеу сатысында тұр», - делінген министрліктің мәліметінде.
Қазіргі уақытта алдын ала зауыт құрылысының мерзімдерін анықтауға, зауыттың оңтайлы орналасуын бағалауға қатысты, сонымен қатар елімізде мұнай өнімдерінің тапшылығын тудыратын кезеңдерді анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Ведомствоның атап өтуінше, бүгінгі күні ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің жеткілікті көлемі бар. Барлық 3 мұнай өңдеу зауыты тәулік сайын ашық түсті мұнай өнімдерін өндірумен, кейіннен оларды ішкі нарыққа тиеп, жөнелтумен штаттық режімде жұмыс істеуде. Сәйкесінше, жанар-жағармайға тапшылық фактілерінің туындауы байқалмайды.
«Мұнай өнімдерін тұтыну көлемі маусымдылыққа байланысты. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының кезеңінде дизель отынын тұтыну көлемі артады, ал жылу беру кезеңінде мазут тұтыну деңгейі өседі. Бензиннің тұтынылуы жыл бойы бірқалыпты болады»,- делінген Энергетика министрлігінің жауабында.
Бұған дейін Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты неліктен керек екені айтылған еді.
ҚР Энергетика министрі аталған зауыт орналасатын өңір биыл күзде жарияланатынын хабарлаған болатын.