Жаңа ӨБК бойынша мұнай компанияларымен келіссөздерді бастадық — Олжас Бектенов

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ірі кен орындарының өнімін бөлу келісімін қайта қарау бойынша жаңа келіссөздер басталғанын айтып, осыған қатысты пікірін білдірді.

Премьердің айтуынша, республикалық бюджетке түсетін барлық салық түсімдерінің 70 пайызы ірі бизнестен түседі, бұл шамамен 15 трлн теңгені құрайды. Соның 6,5 трлн теңгеден астамы ірі мұнай жобалары бойынша төленеді.

— Ірі мұнай жобалары қандай шарттармен игеріліп жатқанына келсек, Өнімді бөлу туралы келісімде расында да ел мүддесі елеулі деңгейде шектелген деген пікір бар. Қазіргі таңда біз консорциум аясындағы әріптестерімізбен жаңа кезеңге арналған жаңа ӨБК (Өнімді бөлу келісімі) жасасу бойынша келіссөздер жүргізе бастадық. Әрине, мұнда еліміздің ұлттық мүддесін қорғайтын боламыз. Бірақ бұл қандай да бір келісімшарттарды дөрекі түрде қайта қарауды білдірмейді, себебі бұл өте нәзік әрі инвестициялық ахуалға айтарлықтай әсер ететін мәселелер. Сондықтан біз бұл жұмысты байыппен, ешқандай күрт әрекеттерсіз, мәселені ушықтырмай жүргіземіз. Бұл қалыпты келіссөз процесі. Жаңа айтқанымдай, біз еліміздің ұлттық мүдделеріне басымдық береміз, — деді О. Бектенов.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруды тапсырған еді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ӨБК қайта қарау не үшін маңызды екенін түсіндіріп берді.