Жаңа оқу жылы: биыл студенттерге қосымша қанша грант бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл студенттер саны 740 мыңнан асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Фото: Астана шаҳар маъмурияти

 

- Жаңа оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Елімізде 123 жоғары оқу орны бар, оның 107-сі азаматтық университет. Биыл білім алушылар саны 740 мыңнан асуы мүмкін, - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, гранттар саны былтырғы деңгейде сақталды. Жоғары оқу орындарына қабылдау магистратура мен докторантура деңгейінде 28 тамызға дейін жалғасады. Қазір грантқа конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр.

- Бакалавриатқа қабылдау 25 тамызда аяқталады. Биыл мемелекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Конкурс нәтижелері 7 тамызда жарияланды. Бөлінген гранттардың 98 пайызы игерілді. Биыл жүргізілген сауалнамада анықталған сұранысқа сәйкес мемлекеттік қолдау көлемі қамтамасыз етілді. Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылып отыр, - деді министр.

Бұған дейін мемлекеттік грантта оқыған түлектерге қойылатын талаптар өзгергенін жазған едік.