Жаңа оқу жылына дейін 22 мектеп іске қосылады - Ж. Түймебаев

АНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жаңа оқу жылына дейін 22 мектеп пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев жаңа оқу жылына арналған ведомствоның аппарат мәжілісінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «2009 жылдың басынан осы күнге дейін 100 мектеп» бағдарламасы бойынша 48 мектеп пайдалануға берілген. Бірінші қыркүйекке дейін 22 мектеп тапсырылады. Ал жылдың соңына дейін 36 мектеп салынып бітуі қажет. Әкімдіктер осы жоспардан жаңылыспаған жағдайда, «100 мектеп» бағдарламасы орындалмақ», деді министр.

 Бағдарламаның сыртында биыл тағы қосымша 44 мектеп салынады деп күтілуде. Осы жылы орта білім беру ордаларын жөндеуге республикалық бюджеттен 5,2 млрд. теңге қаржы жұмсалып отыр. Жол картасы бойынша қосымша 1,5 мыңнан аса нысанға 27,5 млрд. теңге бөлінген.

 «Министрлік құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысын өте мұқият қадағалауы тиіс. Соған орай кеше ведомствоаралық комиссия құрылды. Оған құрылыс агенттігі, қаржылық бақылау ұйымының өкілдері кіріп отыр. Ертең комиссия облыстарға іссапармен шығады. Тамыздың 7-сі мен 8-і күндері Прмьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев Оңтүстік Қазақстан облысында осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс өткізеді», деді Ж.Түймебаев.