Бұл туралы бүгін Назарбаев зияткерлік мектептері педагогтарының Тамыз конференциясы барысында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.
Қазіргі таңда оқушыларға біліммен қатар сыни ойлау, білімге дағдылануды үйрету керектігін алға тарта отырып, К.Шәмшидинова алдымен НИЗ оқушыларының тілді меңгеру нәтижесіне тоқталды.
«IELTS емтиханын біз Британ кеңесінде тапсырамыз. Биыл емтихан тапсырған балалардың орташа балы 5,8. Бұл ретте айта кететін жәйт, жаңадан ашылған мектептерде балалар екі жыл ғана оқыды. Ал, бұрыннан істеп келе жатқан мектеп оқушыларының IELTS көрсеткіші 6,1 балл. Әрбір екінші бала 6 балдан жоғары алды. Назарбаев зияткерлік мектептерінен тапсырған балалардың 8,8 пайызы 7-8 балл аралығында болды»,-дейді ол.
«Өткен оқу жылының үлкен бір жетістігі Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясымен бірлесе отырып жалпы біріп беретін мектептердің бастауыш сыныптарына арналған стандартты дайындадық. Бұл стандартты Білім және ғылым министрлігі талқылаудан өткізді. Биыл 30 жалпы білім беретін 30 мектепке апробациядан өту басталады. Соған байланысты өте көп жұмыс жасалды. Атап айтсақ, стандартқа сәйкес, директорларды оқыту мәселесі, оқытушыларды оқыту мәселесі, тіпті, облыстық, қалалық білім басқармаларында жұмыс істейтін мамандарды оқыттық»,-деп толықтырды сөзін К.Шәмшидинова.
Бұл ретте, стандарт аясында, стандарттың нәтижелерін бақылап отыру үшін мониторинг жүргізетін мамандар да оқытылған.
«Кез келген жаңа дүние басталғанда, мониторинг жасап отыру керек. Мониторинг көп жағдайда есепке кетіп қалады. Сондықтан, біз 100-ге жуық адамды мониторингтен өткізу ісіне оқыттық»,-деп түйіндеді сөзін К.Шәмшидинова.