Жаңа оқу жылында аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсетіледі - БҒМ

АСТАНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев жаңа оқу жылында аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» атты республикалық шараның барысымен таныстырды,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Тамыздың 1-де басталған акцияның мақсаты - жаңа оқу жылында аз қамтылған және көп балалы отбасы оқушыларына қолдау көрсету.

 Қазірдің өзінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алып, көмекке мұқтаж балалардың, сабаққа мүлдем қатыспайтын балғындардың мекен-жайлары арнайы тізімге топтастырылуда. Бұл мәліметтер білім органдарына, демеушілер мен меценаттарға тапсырылады.

 Аталған шара шеңберінде республика аймақтарында жергілікті әкімдіктер жеңілдетілген бағамен мектеп киім үлгілерін, аяқ киімдер, оқу құрал-жабдықтары және оқулықтар сату мақсатында «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілуде. Қазірге таңда осындай 595 жәрмеңке ұйымдастырылса, осы айдың аяғына дейін олардың саны одан да арта түспек.