Өзбекстанның Халыққа білім беру министрлігінің мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейбір мектептер жабылып, қашықтан білім беруге көшеді.
«Барлығыңыз білетіндей, еліміздегі, жалпы әлемдегі коронавирусқа шалдыққандар саны өсіп жатыр. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда науқастар арасында мектеп жасындағы балалар саны артуда. Осыған байланысты Халыққа білім беру министрлігі 2021-2022 оқу жылында мектептер аралас формада білім беру жүйесіне дайындалып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Министрлікте атап өткендей, «Онлайн-мектеп» жобасы бойынша қашықтан білім беруге арналған видеосабақтар жаңа оқу жылында да жалғасады.
«Елдегі жағдайды есепке ала отырып, Халыққа білім беру министрлігі дәстүрлі білім беруді толықтай қалпына келтіру үшін жүйенің барлық қызметкерлерін тезірек вакцина алуға шақырады. Ешқандай заманауи қашықтан білім беру жүйесі мектептегі дәстүрлі білім берудің орнын баса алмайды», - деп атап өтті Білім беру министрлігі.
Еске салайық, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, соңғы екі аптада елде коронавируспен ауырғандар саны 2 есеге, күніне 427 адамнан 924-ке дейін өсіп жатыр.
Авторы: Мадибек Жәнібеков