Жаңа, өнімді жұмыс орындарын аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа өнімді жұмыс орындарын аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ХХІ ғасырдағы жүйелі проблемалардың бірі - жұмыссыздық мәселесінің өршуімен байланысты. Бұл негізінен халықтар санының артуынан орын алып отыр.

«Жер жүзінде 7 млрд. адам тұратынын білеміз, ал соның ішінде 15 жастан жоғары, жұмысқа қабілетті адамдар саны 5 млрд. адамды құрайды. Ал Жер бетінде ашылып жатқан тек 1,5 млрд. жұмыс орны бар. Ендеше қалғаны уақытша жұмыс орындарында жүр немесе жұмыс іздеп жүр деген сөз. Бүкіл әлем қазір ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жойғысы келеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, жер бетіндегі адамдардың басым көпшілігі лайықты жұмыстың, лайықты жалақының болуын тілейді екен», - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы жақсы жұмыс миллиондаған адамдар өміріндегі әлеуметтік лифт болып табылатынын атап өтті. «Жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді», - деді Н. Назарбаев.