Жаңа реформа Қазақстанды демократиялық ел ретінде танытатын болады - Есқайрат Хайдаров

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуін мемлекеттілігімізді жаңа сатыға көтерудің заңды жалғасы деп білеміз. Сонымен қатар бұл бастаманы еліміздің саяси жүйесін демократияландыруға бағытталған нақты қадам, оң шешім ретінде қабылдаймыз. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып табылады. Елімізде 1995 жылғы Конституция бойынша күшті президенттік билік қалыптасты. Өтпелі кезеңде елді тығырықтан шығару үшін биліктің бір қолға шоғырланғаны қажет болды және ол өзін ақтады деп есептейміз. Конституциялық реформаға сәйкес Президент биліктің үш тармағының үйлесімділігін қамтамасыз ету, сыртқы саясатты жүргізу, елдің ұлттық қауіпсіздігін сақтау және қорғанысын нығайту секілді құзырлықтарды атқаратын болады. Президенттің әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеудегі өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру жөніндегі шешім мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуында атқарушы билік өкілдерінің жауапкершілігін арттырып, еліміздің экономикалық дамуына тың серпін береді,  - деп ойлаймыз.  Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру барысында бес институционалдық реформада айқындалған кәсіби Үкіметті қалыптастыру жоспары жүзеге асатын болады.

«Саяси реформаның аясында Парламенттің де беделі өсе түсетін болады. Үкімет Парламенттің алдында жауап береді. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауға мүмкіндік алатын болады. Мұндай жүйе әлемнің демократиялық жағынан дамыған көптеген елдеріне тән болып келеді. Қазақстанда сол жолға түсіп, өзін тағы да бүкіл әлемге демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде танытатын болады. Сол себепті еліміздің  конституциясына, мемлекетті басқару туралы заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болады. Елбасы ұсынып отырған саяси жобаны талқылауға білім саласының қызметкерлері, ұстаз-ғалымдар да атсалысып, өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін білдіргені дұрыс. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», деген, бәрі ескеріле отырып, түпкілікті шешім қабылданса, одан, ең бастысы, еліміз ұтады, деп ойлаймын», деді Е.Хайдаров.